Өзбекстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту, экспорттық әлеуетті кеңейту және экономика салаларын үздіксіз логистикалық қызметтермен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.

Бүгінгі таңда теміржол көлігі саласында ауқымды жаңғырту үдерістері жүзеге асырылуда. Олар саланы түбегейлі модернизациялауға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және вагон паркін кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталып отыр.

Атап айтқанда, 2023–2025 жылдары құны 105 миллион доллар болатын жоба аясында 1590 жартылай ашық жүк вагоны өндірілді. Бұл ішкі және халықаралық тасымалдарда жүк айналымын арттыруға, логистикалық тізбектердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді.

Сондай-ақ, 2025–2026 жылдарға жоспарланған 150 миллион долларлық жаңа кезеңде жүк және жолаушы вагондарын шығару, сонымен бірге «Өзбекстан темір жолдары» АҚ құрамындағы вагон жасау кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 954 жүк вагоны мен 70 жолаушы вагонын жасау басталды.

Бүгінгі күнге дейін осы жоба шеңберінде 45 жолаушы вагоны және 340 цистерна өндірілді. Жыл соңына дейін қосымша 614 жүк вагоны мен 25 жолаушы вагонын шығару жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары жүк вагондарын өндіру көлемін айтарлықтай арттыру бойынша Мемлекет басшысы арнайы қаулыға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, тағы да 100 миллион доллар бөлініп, 1350 жүк вагоны жеткізілетін болады. Осыған орай, бұл межені орындау үшін биылдың өзінде өнеркәсіп кәсіпорындарының қуатын 1,5 есеге арттырып, 2 мың жүк вагонын жасау тапсырылды.

Мемлекет басшысы вагон паркін жаңарту, тасымал көлемін ұлғайту және шығындарды оңтайландыру бойынша жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеді.