Кейінгі төрт жылда ұлттық стандарттардың жартысы халықаралық талаптармен толық үйлестірілді. Елдің аккредитация жүйесі 185 мемлекет арасында 29-орыға ие болды. Ұлттық зертханалардың нәтижелері Германия, Корея және Жапония секілді 37 мемлекет тарапынан мойындала бастады.

Сонымен қатар тәуекел деңгейі жоғары 156 тауар позициясын міндетті мемлекеттік тіркеуден өткізу талабы жойылды. Міндетті сертификаттаудан өтетін тауарлар саны 27 пайызға қысқарды.

Нәтижесінде салада әділ бәсекелестік ортасы қалыптасып, артық әуре-сарсаң азайғанын кәсіпкерлердің өздері де мойындап отыр.

Дегенмен, салада шешімін күтіп тұрған мәселелердің әлі де көп екені айтылды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу үдерісінде техникалық реттеу жүйесі толықтай халықаралық талаптарға сай болуы қажет екені атап өтілді.

Ең алдымен, өнімді бағалау барысында кәсіпорын қызметін тексеру тәжірибесі кәсіпкерлердің наразылығын тудырып отырғаны көрсетілді. Қолданыстағы тәртіп бойынша талапқа сай келмейтін өнім анықталса, оның айналымы емес, оны өндірген кәсіпкердің қызметі шектеліп жатыр.

Дамыған елдер тәжірибесінде тәуекелдерді талдауға негізделген нарықтық бақылау жүйесі қолданылады. Бұл ретте өндіруші өнімнің сәйкестігін декларациялау арқылы барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, сапа мен қауіпсіздікке кепілдік береді.

Осыған байланысты елімізде мемлекеттік бақылаудан кезең-кезеңімен жойылып, нарықтық бақылау қағидаттарына көшіріледі. Бұл үшін «Нарықтық бақылау туралы» жеке заң жобасы әзірленді.

Ескірген стандарттар мен тиімсіз техникалық регламенттерден бас тартып, толық халықаралық стандарттарға көшу қажеттігі айтылды. Қазіргі уақытта 33 мыңнан астам стандарт бар, олардың 50 пайызы ескірген немесе халықаралық талаптарға сәйкес келмейді.

Осыған байланысты 6 техникалық регламенттің күші жойылады, 29-ы қайта қаралады. Биыл 4460, келесі жылы 2,5 мыңнан астам, 2028 жылы 817 халықаралық стандарт қабылдау жоспарланған.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқыма, былғары, жиһаз, электр техникасы, автокөлік жасау, ақпараттық технологиялар салаларында, 2027 жылдан бастап мұнай-газ, металлургия, көлік, құрылыс өнімдері, медициналық бұйымдар салаларында, ал 2028 жылдан бастап энергетика, химия, экология және қызмет көрсету салаларында өндіріс пен қызмет көрсету толық халықаралық стандарттар негізінде ұйымдастырылады.

Сертификаттау үдерісін одан әрі жеңілдету қажеттігі атап өтілді. Қазіргі күрделі жүйе өнімнің өзіндік құнының негізсіз өсуіне, бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап отырғаны айтылды. Тәуекелдерді талдауға негізделген бағалау жүйесін енгізіп, қалған тауар позициялары бойынша да міндетті сертификаттауды жою және кезең-кезеңімен декларациялауға көшу ұсынылды.

Жалпы алғанда, «Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қабылдау орынды екені атап өтілді.

Салада институционалдық өзгерістер жүзеге асырылады. Техникалық реттеу агенттігі құрамындағы ұйымдар саны «Узтест» орталығын тарату және Аккредитация орталығын Министрлер Кабинетінің құрамына беру арқылы 5-тен 3-ке қысқартылмақ.

Сынақ және сертификаттау қызметтерін толықтай жеке секторға беру ұсынылды. Қазіргі уақытта жеке секторда барлық саланы қамтитын 207 сынақ зертханасы және 73 сертификаттау органы жұмыс істейді. Салауатты бәсекелестік ортасын қалыптастыру мақсатында Англияның «Intertek», Швецияның «SGS», Францияның «Bureau Veritas», Германияның «TÜV» секілді жетекші халықаралық компаниялары тартылатын болады.

Таныстырылымда «SUz» ұлттық сәйкестік белгісін енгізу, аккредитация органының тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сынақ зертханалары қызметін цифрландыру, метрология жүйесін реформалау және эталондық базаны кеңейту мәселелері де қаралды.

Мемлекет басшысы ұсыныстар мен бастамалар бойынша кәсіпкерлердің пікірлерін тыңдап, жаңа жүйені енгізу жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.