Биылғы жылдың 26 қаңтарында Рига қаласының Халықаралық әуежайында өзбек «Fly Khiva» әуе компаниясының Ташкент – Рига бағыты бойынша жүк тасымалдайтын әуе рейстерін іске қосуға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды «Дунё» ақпарат агенттігі.

Шара аясында «Fly Khiva» әуе компаниясының Латвия астанасына алғашқы жүк ұшағын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.

Рәсімге Латвия транспорт министрінің орынбасары Андулис Жидковс, Рига халықаралық әуежайының директоры Лаила Одиня, Пошта қызметі директорының орынбасары Гиртс Рудзинс, сондай-ақ Кеден қызметінің басшысы Раимондс Зукус қатысты.

2024 жылдың мамыр айында Өзбекстан Елшілігінің қолдауымен Еуропа Одағы елдеріне экспорт көлемін арттыру мақсатында «Fly Khiva» әуе компаниясының бас директоры Дилшод Ходжаев бастаған делегацияның Латвияға сапары ұйымдастырылған болатын. Дәл осы сапар аясында жүк әуе қатынастарын іске қосу бойынша іс жүзіндік жұмыстар басталған еді.

Латвия тарапының айтуынша, жаңа әуе бағытының ашылуы Өзбекстан мен Латвия арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызмет етіп, Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтады.

Латвия транспорт министрінің орынбасары А. Жидковс Ташкент пен Рига арасындағы тікелей жүк әуе қатынаулары Өзбекстанның Орталық Азиядағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі рөлін одан әрі күшейтетінін атап өтті.

Хабарлануынша, «Fly Khiva» әуе компаниясы Ташкент – Рига бағыты бойынша жүк рейстерін аптасына бір рет орындауды жоспарлап отыр. Тасымалданатын жүктің негізгі бөлігін Өзбекстанның Еуропа Одағы елдеріне арналған экспорттық өнімдері, пошта және коммерциялық жөнелтілімдер, сондай-ақ Қытайдың «TEMU», «AliExpress» сияқты халықаралық электрондық сауда платформалары арқылы берілген тапсырыстарды құрайды.