Еліміздің экономикалық өсім қарқынының жоғары болуы мен мемлекеттің белсенді сыртқы саясатының нәтижесінде халықаралық ынтымақтастық кеңейіп, Өзбекстан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды соған сай дамыту қажеттігін алға тартады. Осыған байланысты заманауи көлік желілерін, қызмет көрсету нысандарын және қоғамдық ғимараттарды салуға ерекше назар аударылып отыр.
Таныстырылым барысында елдің түрлі өңірлеріндегі құрылыс және даму жоспарлары қаралды.
Атап айтқанда, Хиуа қаласында Конгресс орталығы мен тарихи-этнографиялық парк салу жоспарланған. Бұл нысандар қалада ірі халықаралық жиындар өткізуге және туристер ағынын арттыруға қызмет етеді.
Құрылысы жоспарланып отырған Конфуций институты мен Лу Бань шеберханасында мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізуге, жастарды заманауи мамандықтарға оқытуға қажетті жағдайлар жасалады.
Үргеніш халықаралық әуежайын жаңғырту аясында оның инфрақұрылымын кеңейту, жолаушылар мен жүкке қызмет көрсету сапасын арттыру, логистикалық мүмкіндіктерді дамыту арқылы өңірдің көлік әлеуетін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Үргеніш вокзалынан жаңартылған әуежайға дейін жеке теміржол желісін тарту нәтижесінде жолаушыларға қолайлылық одан әрі арта түспек.
Бұдан бөлек, қолданыстағы Үргеніш–Хиуа автокөлік жолын абаттандыру және көгалдандыру, сондай-ақ оған балама жаңа автожол салу жоспарлары да таныстырылды.
Ферғана қаласында экспоорталық салу жобасы да талқыланды. Аталған кешенде халықаралық көрмелер, бизнес-форумдар мен ауқымды іс-шаралар өткізуге қажетті жағдайлар жасалатыны, бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Сондай-ақ Бурханиддин Марғилоний атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастыру жобасы таныстырылды. Орталықта рухани мұра мен ғылыми зерттеулер бағытында халықаралық деңгейдегі қызметті жолға қою, заманауи ғылыми мектеп қалыптастыру көзделген.
Бұхара мемлекеттік университетінің жаңа заманауи кампусын салу жөніндегі ұсыныстар да қаралды. Университетте профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер үшін қолайлы білім беру және ғылыми орта қалыптастырудың маңыздылығына назар аударылды.
Жоспарланған жобалардың бірі – Ташкент қаласында заманауи көркем гимнастика кешенін салу. Бұл орталықта жастардың қабілетін дамытуға және кәсіби көркем гимнасттарды даярлауға қажетті жағдайлар жасалады.
Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыру барысында сапаға, қолайлылыққа және заманауи талаптарға қатаң түрде сай болудың, қала құрылысы мәдениетін арттырудың және халықтың қажеттіліктерін ескерудің маңызын атап өтіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.