Хорезм облысында күн электр станциясының құрылысы басталды

    Билік 29 Fevral 2024 2455

    Президент Шавкат Мирзиёевтің 29 ақпанда Хорезм облысына сапары барысында «Voltalia» компаниясы тарапынан қуаты 100 мегаваттық күн электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті.

    Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөліп, үлкен бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Кейінгі үш жылда тек өңірлерде күн және жел энергиясын өндіру қуаттарын іске қосу үшін 2 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Самарқанд, Сұрхандария облыстарында жалпы қуаты 2,6 гигаватт болатын 9 ірі күн және жел электр станциялары желіге қосылды.

    Тағы бір маңызды жайт, бұл жобалар Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Франция сияқты дамыған елдермен серіктестікте жүзеге асырылуда.

    Салтанатты шарада Мемлекет басшысы бұл саланың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

    – Энергетика саласында тұрақтылыққа қол жеткізу – жаһандық интеграция жағдайында әрбір елдің стратегиялық мақсаты. Әсіресе, жаңартылатын генерация заманауи дамуға қол жеткізуге және экономиканы әртараптандыруға күш болатын негізгі «драйверлердің» бірі болып табылады, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Баламалы энергия есебінен биылғы жылы республиканың электр энергиясын өндірудегі «жасыл энергетиканың» үлесі 15 пайызға жететіні айтылды. 2030 жылға қарай халқы 40 миллионға жететін Жаңа Өзбекстан экономикасына қажетті энергияның 40 пайызын «жасыл энергиядан» жабу көзделуде.

    Бұл тұрғыдан тұрғындардың қызығушылығын арттыру мақсатында өткен жылы «Шуақты үй» бағдарламасы басталды. 14 миллиард сум жеңілдік ресурстар бөлінді, салықтық жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ артық электр энергиясын мемлекет кепілдікпен сатып алу жүйесі жолға қойылды.

    Ол өз нәтижесін бере бастады. Атап айтқанда, Хорезмде 2 мыңнан астам шаруашылық пен 855 кәсіпкер 15 мегаваттық күн батареяларын орнатып, мемлекет олар өз қажеттіліктерінен артық өндірген 320 мың киловатт-сағат электр энергиясын сатып алды.

    Енді осы саладағы тағы бір кешен – француздық «Voltalia» компаниясы «Түппараққальа» ауданында күн фотоэлектр станциясын салуды қолға алуда.

    Бұл Хорезмдегі мұндай ауқымды жобаның алғашқысы болмақ. Нәтижесінде жылына 254 миллион киловатт сағат «жасыл энергия» өндіріледі. Бұл Хорезм облысының жылдық электр энергиясын тұтынуының 11 пайызын қамтиды. Жыл соңына дейін бұл станцияны желіге қосу жоспарланған.

    Жалпы, бұл жоба іске қосылса, Хорезм облысының электр қуатын өндіру қуаты 30 пайызға артып, 424 мегаватқа жетеді. Атап айтқанда, Т»уппараққальа» ауданының электр энергиясына деген жылдық қажеттілігі 135 миллион киловатт сағат толық қамтамасыз етілмек.

    Бұл ретте тұтынудан артқан энергияның 40 пайызын көршілес аудандарға беруге болады. Яғни, 85 мың үйді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.

    Ең бастысы, бұл жоба арқылы 76 миллион текше метр табиғи газ үнемделіп, 106 мың тонна зиянды заттардың атмосфераға таралуына тосқауыл қойылады.

    Тағы бір маңызды аспект, бұл жоба аясында агроэлектрлік тәжірибе алғаш рет пайдаланылады. Бұл бір аймақта энергетика мен ауыл шаруашылығын біріктіру, күн батареяларының астында көкөністер мен дәнді дақылдарды өсіру әдісі жолға қойылады.

    Мемлекет басшысы инвесторлар мен инженерлерге ризашылығын білдіріп, мұндай инновациялық жобалар Өзбекстан мен Франция арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.

    – Баршаңызды Хорезм облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына жаңа рух пен тыныс әкелетін осындай жаңа қуаттармен құттықтаймын, – деді Президент.