Президент туризм инфрақұрылымын жақсарту жөнінде тұсаукесермен танысты

    Билік 16 Iyul 2024 2019

    Президент Шавкат Мирзиёев 16 шілде күні өңірлердегі туризм инфрақұрылымын жақсарту және шетелдік туристер ағынын арттыру шаралары туралы тұсаукесермен танысты.

    Бұл туралы осы жылдың 3 маусымында өткен бейнеселекторлы жиында және кәсіпкерлермен болған диалогта тапсырма берілген еді. Осы тапсырмалар мен ұсыныстар негізінде саланы дамытуға бағытталған қосымша шаралар әзірленді.

    Атап айтқанда, Өзбекстанға шетелдік туристерді тарту үшін туристік ұйымдарды айналым қаражатымен қамтамасыз ету мақсатында Қалпына келтіру және даму қорынан 50 миллион долларға жеке несие желісі ашылып жатыр. Бұл кредиттер ұлттық валютада жылдық 17 пайыздық мөлшерлемеде 2 жылдық жеңілдік кезеңімен 10 жылға беріледі.

    Әлеуеті жоғары жерлерде бас жоспарлар негізінде туристік орталықтар салынады. Осындай аймақтар инфрақұрылымын жақсартуға биыл республикалық бюджеттен 100 миллиард сум бөлінетін болды. Сондай-ақ олардың әрқайсысына 50 миллион доллардан инвестиция тартылады.

    Туризм саласындағы кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Оның ішінде автобустар мен шағын автобустарды кедендік баж салығынан босату, туроператорлар мен қолөнершілердің халықаралық жәрмеңкелердегі шығындарының 50 пайызын өтеу, шетелдік қонақтардың қатысуымен іскерлік іс-шаралар ұйымдастыратын кәсіпкерлер үшін пайда салығын 50 пайызға төмендету сияқты шаралар бар.

    Мемлекет басшысы Өзбекстанның ұлттық туристік брендін жасау маңызды екенін айтқан еді. Тиісінше, мақсатты нарықтардың талаптары негізінде республикадағы туризм түрлері туралы контент жасалады. Олар халықаралық медиа мен әлеуметтік платформаларда, әлемдік спорт және өнер іс-шараларында насихатталады. Бұған оқырманы көп, аудиториясы ауқымды шетелдік журналистер, блогерлер мен инфлюэнсерлер де тартылады.

    Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық әуе, теміржол және автобус бағыттары бойынша ақпарат пен билеттерді ұсынуды қамтамасыз ететін бірыңғай онлайн платформа іске қосылады. Әуе, теміржол және автобус билеттерін кемінде алты ай бұрын сату жүйесі енгізіледі. Мереке күндері қосымша рейстер жолға қойылады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үнемі жазылып тұрады.

    Салаға мамандар даярлау мәселесі де маңызды. Келесі оқу жылынан бастап бұл тұрғыда бірқатар жаңашылдықтар жоспарлануда.

    Атап айтқанда, туризм және қонақ үй менеджменті саласындағы білім беру бағдарламалары әлемдік рейтингте алғашқы ТОП-100 кіретін оқу орындарының тәжірибесі негізінде жетілдірілетін болады. Бұл саладағы жоғары білім төрт жылдан үш жылға ауыстырылады. Студенттерге мамандық бойынша жұмыс істеу барысында кәсіби дағдыларын тікелей жұмыс орнында дамытуға мүмкіндік беріледі. Әндіжан, Бұхара, Самарқанд және Үргеніш мемлекеттік университеттері, Шығыстану, Әлем тілдері және «Жібек жолы» университеттерінде гидтерді дайындау курстары ұйымдастырылады.

    Мемлекет басшысы бұл шаралар туралы құжат әзірлеп, олардың жүзеге асырылуын тиімді ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.