Мемлекет басшысы Ферғана облысындағы жаңа жобаларды іске қосты

    Қолайлы жағдай мен сұранысқа байланысты бүгінде барлық салада жұмыс қарқыны жоғары. Бір кәсіпорын ашылып, енді бірі салынып жатыр. Әсіресе өнеркәсіп салаларында жобалардың көптігі сонша, олардың барлығына ілесу қиын.

    Сондықтан Мемлекет басшысының өңірлерге жасаған сапарларында ең маңызды жобаларға тоқталу дәстүрге айналған. Ферғана облысында да жаңа кәсіпорындарды іске қосу және құрылысын бастау рәсімі өтті.

    Сөзінің басында Президент Шавкат Мирзиёев кейінгі бес жылда Ферғанада өнеркәсіп көлемі 1,3 есеге өскенін атап өтті. Экспорт көлемі 2 есеге жуық өсіп, 722 миллион долларды құраған.

    Инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. 2018 жылы облысқа небәрі 90 миллион доллар инвестиция тартылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллиард 300 миллион долларды құраған. Шетел капиталының қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны 470-ке жетті.

    Облыста жалпы құны 6 миллиард долларды құрайтын 110 шетелдік инвестициялық жоба және 1,1 миллиард долларлық 22 отандық жоба бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Оларда 20 мыңнан астам жұмыс орны болады.

    – Бұған дейін облыста 6 жоба жасаудың өзі қиын еді. Бүгін біз 6 миллиард долларлық жобалар туралы айтып отырмыз. Неліктен? Біз өстік, дамыдық, инвесторларды сендірдік, жағдай жасадық. Мұндай жұмыстарды тағы да жалғастырамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Бір ғана «Қоқан» еркін экономикалық аймағында 370 миллион долларға 100-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 9 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында олар 1 триллион 500 миллиард сумдық өнім өндіріп, 60 миллион долларды экспортқа шығарды.

    Күні кеше қабылданған Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес, осынау индустриялық аймақ «Кувасой» қаласы бойынша 210 гектарға дейін кеңейтілмек. Онда құны 1 миллиард доллардың 185 жобасы орналастырылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Қоқан қаласында 230 гектар аумақта «Өзбекстан – Қытай» арнайы индустриялық аймағы құрылады.

    Өңірдегі табысты жобалардың бірі – Сингапурдың «Индорама» компаниясымен бірлесіп минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты. Қазір оның тиімділігі жоғары кешенді тыңайтқыштарды шығарудың 2-кезеңі іске қосылып, 3-кезеңі басталып жатыр. Соның нәтижесінде жылына 300 мың тоннадан астам өнім өндіріліп, 50 миллион доллардың қосымша экспортын қамтамасыз етеді.

    Салтанатты шарада тағы төрт жоба энергетика саласына қатысты. Олар «Бешариқ» ауданындағы күн электр станциясы, «Өзбекстан» ауданындағы электр энергиясын сақтау жүйесі, «Ферғана» ауданындағы шағын су электр станциялары.

    Экономикамызда электр энергиясына деген сұраныс жылына орта есеппен 6 пайызға артып келеді. Сондықтан дәстүрлі көздермен қатар жаңартылатын энергия көздері де дамытылуда.

    Соңғы үш жылда 2 миллиард доллар шетелдік инвестиция есебінен қуаттылығы 2,4 гигаватт болатын 10 күн және жел электр станциясы желіге қосылды. Жыл соңына дейін шамамен 2,6 гигаватт қуатымен тағы 12 станция қосылады. Сондай-ақ қазіргі таңда жалпы құны 19 млрд доллар және 18,3 гигаватт болатын 32 «жасыл» жоба жүзеге асырылуда. Мұндай жобалардың әр өңірде болуы маңызды.

    Атап айтқанда, Ферғананың «Бешариқ» ауданында Германияның «Hyper Partners» компаниясымен 500 мегаватт күн электр станциясының құрылысы басталып жатыр. Құны 350 миллион АҚШ доллары болатын бұл жобаның алғашқы 200 мегаватты биыл желіге қосылып, келесі жылы толықтай іске қосылады. Ол жылына 1 миллиард 600 миллион киловатт сағат немесе 675 мың шаңырақтың жылдық тұтынуына тең «жасыл» энергия өндіреді. Нәтижесінде 466 миллион текше метр көгілдір отын үнемделеді.

    Өзбекстан ауданында 144 миллион долларлық шетелдік инвестиция есебінен 150 мегаватт электр қуатын сақтаудың алғашқы жүйесі салынады. Бұл кешен Қытайдың «Gezhouba Group» компаниясымен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады. Ол электр энергиясына сұраныс артқанда автоматты түрде іске қосылады және энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

    Бұл заманауи станциялар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық тиімділікті арттыруға және экологиялық тұрақтылықты жақсартуға қызмет етеді.

    Саланың тағы бір бағыты – су ресурстарын тиімді пайдалану. Соңғы жеті жылда 630 миллион доллар инвестиция есебінен 400 мегаваттан астам жаңа қуат салынып, су электр станцияларының қуаты 2,2 гигаваттқа дейін ұлғайтылды.

    Зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, республикада қуаттылығы 56 мегаватт болатын 200 шағын және микро су электр станциясын салу мүмкіндігі айқындалды. Осыған байланысты жеке бағдарлама қабылданды. Оның аясында Ферғана ауданының шетінде 2 шағын су электр станциясы салынды. Біріншісі – «Шахимардан» ауылында салынған 2,2 мегаваттық станса, екіншісі – «Юқори Водил» ауылындағы 430 киловаттық станция. Олар жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етеді.

    Мемлекет басшысы рәміздік түймені басып, құрылысы аяқталған кәсіпорындардың жұмысы мен жаңа жобалардың құрылысын бастап берді.

    No date selected
    July 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates