Өзбекстанда туризмді дамытуға ерекше басымдық беріліп жатыр

    9 сәуір күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өңірлердің туристік әлеуетін арттыру және шетелдік инвестициялық жобаларды жеделдету мәселелеріне арналған бейнеселекторлық жиын өтті.

    Соңғы жылдары Өзбекстанның туризмнен түсетін экспорты 1,6 есе артып, 3 миллиард 500 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл салада 2 мыңнан астам жаңа кәсіпкер өз қызметін бастаған. Өткен жылы алғаш рет елге келген шетелдік туристер саны 10 миллионнан асқан.

    Өңірлерде туризм мен сервис инфрақұрылымы қарқынды дамып отыр. Соңғы 8 жылда бұл салаға 6 миллиард 500 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылып, 130 мыңға жуық қонақүй орындары пайдалануға берілген.

    Қазіргі таңда елде 20 туристік ауыл жұмыс істеп тұр. Паркент ауданындағы «Олтин бел» шыңында халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы аймағы құрылып жытыр.

    Түптеп келгенде, Өзбекстанның бай тарихи, мәдени және табиғи әлеуетіне сүйене отырып, туристер ағынын тағы 2–3 есеге арттыруға болады. Алайда кейбір аймақтарда жол және көлік қатынасының қолайсыздығы, көңіл көтеретін орындар мен қызықты бағдарламалардың жеткіліксіздігі секілді бірқатар түйткілдер бар.

    Осыған орай жиын барысында өңірлік мүмкіндіктерді толық іске асырып, туризм бағыттарын көбейту, саяхатшыларға ыңғайлы жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

    Мысалы, «Сариосиё» ауданының көп бөлігі таулы аймақтан тұрады, бұл қыстық туризм үшін үлкен әлеуетке ие. Мұнда аспалы жол, қонақүй кешені және сауда-сервис нысандары сынды 200 миллион долларлық жобалар іске асыруға мүмкіндік бар. Ал «Чортоқ» ауданы табиғатының сұлулығы және шипалы су көздерімен танымал.

    Жауаптыларға осындай 36 аудан мен қаланы этнотуризм, гастрономиялық, медициналық, экстремалды, мәдени-тарихи, зиярат, қысқы және агротуризм бағыттарында дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу тапсырылды.

    Бүгінде «BBC», «Euronews» секілді танымал халықаралық телеарналар мен 20-дан астам халықаралық көрмелерде Өзбекстан туризмі кеңінен насихатталуда. Виза рәсімдеу тәртібі жеңілдетіліп, заманауи ұшақтар сатып алынып жатыр.

    Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, туризм саласындағы әлеуетті нарықтардан шетелдік туристерді тарту, тікелей әуе қатынастарын жолға қою жөнінде нақты нұсқаулар берілді.

    Қазіргі уақытта «Ұлттық туризм бірыңғай платформасы» әзірленіп жатыр. Бұл жүйеге электронды виза беру, билет сатып алу, сондай-ақ барлық тарихи ескерткіштерге қолжетімділік беретін «бірыңғай туристік карта» енгізіледі.

    Соңғы жылдары ішкі туризмге де ерекше көңіл бөлініп, ел ішінде саяхаттайтын азаматтардың саны 23 миллионға жетті. Дегенмен, әлі де басқа өңірлерге барып көрмеген тұрғындар көп.

    Осыған орай, әр айдың бір сенбі-жексенбісі – «отбасылық және ұжымдық саяхат күні» ретінде белгіленетін болды. Сонымен қатар, жастар арасындағы байқаулардың жеңімпаздарына Өзбекстан бойынша тегін саяхат жолдамасы беріледі.

    Мәдени мұра – туризмнің маңызды бағыты. Соңғы 4 жылда 327 мәдени нысанға реставрация және консервация жасалды. Қазіргі таңда тағы 485 тарихи ескерткіш жөндеуді қажет етеді.

    Осы орайда, бұл жұмыстарға жеке секторды тартып, бизнес-жобалар жасау, мәдени мұра нысандарын жалдау тәртібін жетілдіру, түсімдерді цифрландыру мәселелері де көтерілді.

    Сондай-ақ, туризм мамандары үшін жоғары білім алу мерзімі 4 жылдан 3 жылға қысқартылып, оқыту дуаль жүйеге ауыстырылды. Енді студенттерді шетелге тәжірибеден өтуге және жұмыс істеуге жіберу арқылы одан да жақсы нәтиже алуға болады.

    Осы бастамалар нәтижесінде биыл Өзбекстанға 15 миллион турист тарту, туризмнен түсетін экспорт көлемін 4 миллиард долларға жеткізу мүмкіндігі бар екені айтылды.

    Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе – шетелдік инвестициялық жобаларды саралау болды.

    Биылдың алғашқы тоқсанында Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Кувейт және Францияға жасалған ресми сапарлар нәтижесінде жалпы құны 39 миллиард доллар болатын 178 жоба бойынша келісімге қол жеткізілді. Жуырда Самарқандта өткен саммитте Еуропа одағы Орталық Азия үшін 12 миллиард еуро көлемінде қаржы бөлуге дайын екенін мәлімдеді.

    Жалпы алғанда, 2025 жылы Өзбекстанға 42 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделіп отыр. Оның аясында 81 ірі жоба мен 8 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобалары іске асырылуы жоспарланған. Бұған қоса, донорлық ұйымдардан 2 миллиард доллар көлемінде грант, ал банктер тарапынан 6 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарға енгізілген.

    Жиында осы бағыттағы мүмкіндіктер аймақтар мен серіктес мемлекеттер тұрғысынан талданды.

    Мәселен, бұған дейін инвесторлар келмеген, теміржол не магистрал жол өтпеген «Алтынсай» ауданында 100 миллион долларлық 3 ірі жоба жүзеге асырылып отыр. Ал «Қушрабатта» гранит тасты өндіру және қайта өңдеу бойынша 75 миллион долларлық 2 жаңа жоба басталды. Егер ізденсе, мұндай мүмкіндіктер әрбір аймақта бар.

    Өткен айда Лондонда «Өзбекстан инвесторлары күні» ұйымдастырылды. Биылдың өзінде 2 миллиард 770 миллион доллар тарту бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Мұндай шараларды Нью-Йорк, Сингапур, Гонконг, Дубай, Шанхай, Токио, Ыстанбұл сияқты ірі іскерлік орталықтарда да өткізу қажеттігі атап өтілді.

    Жекешелендіруге байланысты ауқымды бағдарлама әзірленіп жатыр. Соған сәйкес, 49 кәсіпорындағы мемлекет үлесі халықаралық нарыққа сатылып, 15 ірі мемлекеттік кәсіпорын евробонд шығарады деп жоспарланған. Бұлар да шетелдік инвестиция тарту үшін зор мүмкіндік саналады.

    Осы айда Жызақта, маусым айында Ташкент қаласында халықаралық инвестициялық форум өтеді. Онда инвесторларға ұсынуға арналған жобалар топтамасын мұқият дайындау қажет.

    Халықаралық қаржы институттарымен жаңа жүйеде жұмыс істеліп жатқанының нәтижесінде жыл басынан бері 706 миллион доллар игерілді. Жылу электр станциялары, аймақтық электр желілері, ауыл шаруашылығы, автожол және теміржол салаларындағы жобалар едәуір ілгерілеген.

    Алайда уақытында орындалмаған немесе негізсіз созылып кеткен жағдайлар да бар. Бұдан былай дайын жобаға өзгеріс енгізу тек Үкімет аясында қаралып, қосымша жұмыстар жоба аяқталған соң, үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылатыны ескертілді.

    Қазіргі кезде халықаралық қаржы ұйымдарымен энергетика, көлік, аграрлық, коммуналдық және әлеуметтік салаларда 20 миллиард долларлық жобалар жүзеге асырылуда. Шетелдік серіктестер еліміздегі реформаларды қолдап отыр.

    Атап айтқанда, соңғы айларда Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Франция даму агенттігі, Ислам даму банкінің Өзбекстандағы өкілдері Қарақалпақстан, Әндіжан, Жызақ, Сұрхандария және Сырдария облыстарына барып, 200-ге жуық кәсіпкермен жұмыс жүргізді. Қысқа уақыт ішінде 1,5 миллиард долларлық жобаларды қаржыландыруға келісім жасалды.

    Премьер-Министрдің орынбасарына бұл тәжірибені жүйеге айналдырып, басқа аймақтарда да кемінде 3 миллиард долларлық жобалар әзірлеу тапсырылды.

    Жиында талқыланған мәселелер бойынша министрлер, әкімдер, шет мемлекеттердегі елшілер мен саладағы кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды.