Президент Әл-Хорезми университетін құруға байланысты жобалық ұсыныстармен танысты

    Саясат 30 Aprel 2025 3314

    30 сәуір күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Әл-Хорезми университетін құруға байланысты жобалық ұсыныстармен танысты.

    Мемлекет басшысы бұл бастаманы алғаш рет 2022 жылдың тамызында Үргеніш қаласындағы Әл-Хорезми шағын қалашығының құрылысын бастап беру арқылы жария еткен болатын.

    Таныстырылым барысында оқу орындарын ұйымдастыру бойынша атқарылатын жұмыстар мен олардың негізгі бағыттары туралы ақпарат ұсынылды.

    Жаңа университет құрамында үш негізгі факультет болады: математика және информатика факультеті, аэроғарыштық технологиялар инженериясы факультеті және жасанды интеллект факультеті. Бұл факультеттерде экономика, ақпараттық технологиялар, өнеркәсіп, қауіпсіздік, энергетика және экология салаларына қажетті мамандар даярланбақ. Оқу өзбек және ағылшын тілдерінде, кредит-модульдік жүйе негізінде жүргізіледі.

    Оқу үдерісі «Жаңа Өзбекстан» университетінің тәжірибесіне сүйене отырып, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай Халық Республикасы және Ұлыбритания сынды елдердің беделді жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта ұйымдастырылады.

    Алғашқы студенттерді қабылдау 2025–2026 оқу жылынан басталмақ. Жалпы студенттер саны 4–6 мың адамға дейін жетуі жоспарланып отыр.

    Кешен аумағында Ташкенттегі Мұхаммед әл-Хорезми мектебінің филиалы да ашылады. Оған 4-сыныпты аяқтаған дарынды оқушылар іріктеліп алынады. Соңғы екі оқу жылы инженерлік бағытқа бастапқы бейімдеуге арналатын болады.

    Мемлекет басшысы университет кешені тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар Хорезмнің тарихи-ғылыми және туристік әлеуетімен тығыз байланысты үйлесімді орталыққа айналуы қажет екенін атап өтті. Осы заманға сай білім беру мекемелерін құруға байланысты тиісті құжатқа қол қойылды.