Компания бұл туралы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Хабарда бүгін таңертең Өскемен металлургиялық алаңында төтенше жағдай болғаны айтылған.
“Алдын ала мәліметтер бойынша, түтін шығарғышты тазалау кезінде жарылыс болған, содан кейін өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі құлаған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жарақат алды. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде”, деп атап өтті “Казцинк”.
ЖШҚ төтенше қызметтердің оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын және салдарын жоюмен айналысып жатқаны айтылды. Жан-жақты және бейтарап тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары тергеу нәтижесінде анықталады.
“Компания қаза тапқандардың отбасы мүшелері мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Құрбандар мен жарақат алғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау, соның ішінде қаржылық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, өкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті шаң шығарындылары тіркелген, алайда олар рұқсат етілген шектен аспаған және қауіпті ластаушы заттарды шығармаған”, делінген “Казцинк” хабарында.
Бүгін Өскеменде төтенше жағдай болды: “Казцинк” зауытында шаң жинағыш құрылғы жарылып, соның салдарынан өрт және ішінара қирау орын алды. Құтқарушылар тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін жарияланған алдын ала мәліметтерге сәйкес, төрт адам ауруханаға жеткізілген. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі кейінірек тоғыз адамның медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов оқиға орнына барды.
Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан түсірілген кадрларды жариялады. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілген, деп хабарлады nur.kz.