Еліміздің қорғаныс жүйесінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыруда және әскери-әкімшілік құрылымдардың қызметін жаңа деңгейге көтеруде маңызды рөл атқарып отыр.

Аталған бөлімде әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын арттыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оқу ғимараттары, асхана, жатақхана, рухани-ағарту бөлмелері мен спорт кешені заманауи техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда аймақтық қақтығыстарда жасанды интеллект, роботтар, зымырандар, дрондар және оларға қарсы құралдар кеңінен қолданылып жатыр. Осыған байланысты Жоғарғы Бас қолбасшы әскер құрамында дрондармен жұмыс істеу және оларға қарсы күрес бөлімшелерін құруды, жасанды интеллект негізіндегі киберқұрылымдарды дамыту, роботтандырылған техникаларды енгізу және әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағытында жаңа бөлімдер ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Осыған орай бл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ұлттық армия заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етілуде.

Мемлекет басшысы әскери бөлімдегі жағдайлармен, әскери техника және қару-жарақ үлгілерімен, соның ішінде заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерімен танысты.

Ұлттық армияны дамытудың басым бағыттарын айқындауда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың сипатын, қауіпсіздікке төнетін қатерлерді және әскери іс-қимыл аймақтарының ерекшеліктерін ескеру қажеттігі атап өтілді.

Қарулы Күштердің әлеуетін арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту және жеке құрамның жауынгерлік дайындығын күшейту жөніндегі міндеттердің орындалуын жалғастыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.