Бұл мемлекеттік сапар соңғы жылдары үлгілі деңгейге көтерілген Өзбекстан мен Түркіменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын жаңа белеске бастайтын маңызды қадам екені атап өтілді.

Кейінгі кезде барлық салада байқалып отырған оң қарқын мен белсенді ынтымақтастық жанданғаны сөз болды. Үкіметаралық комиссия мен Кәсіпкерлер кеңесінің отырыстары, сондай-ақ мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Сапар қарсаңында Үргеніште және Ташкентте ұйымдастырылған Түркіменстан мәдениеті күндері мен фильмдер көрсетілімдері жұртшылықта ерекше әсер қалдырды.

Өткен жылы өзара тауар айналымы 1 миллиард доллар межесінен асты. Жүк тасымалы көлемі де артып келеді, соның ішінде Түркіменбашы порты арқылы жүк жеткізу қарқын алған.

Келіссөздер барысында екіжақты сауданы ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік, машина жасау, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы салаларында өзара тиімді кооперацияны дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігі де ерекше атап өтілді. Осы мақсатта Хиуа қаласында үшінші Өңірлер форумын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар сонымен бірге аймақтық және халықаралық маңызы бар мәселелер жөнінде пікір алмасты.