Бүгін Мемлекет басшысы осы кешендердің құрылысын барып көрді.

Олардың бірі – Өзбекстан Ұлттық кітапханасы. 4 қабатты кешен өз атауына сай ұлттық дизайнда салынбақ. Жалпы 30 мың шаршы метр аумақта 1 420 оқырманға сапалы қызмет көрсетілмек.

Бұл жерде кітапхана қорының әдебиеттерін дұрыс сақтау, санаудан өткізу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стерилизациялау үшін арнайы құрал-жабдықтар орнатылады. Сонымен қатар, кешен көпфункциялы болады. Келушілер үшін 300 орындық кафе, галерея, жеңіл спорт ойындары және басқа да қолайлы жағдайлар ұйымдастырылады.

- Мен бұрын айтқанымдай, біздің екі негізгі тірегіміз бар: бірі – экономика болса, екіншісі – руханият. Рухани ұлы халық – экономикалық жағынан да ұлы болады. Білімді жастар бабаларымызға лайық жан-жақты ойлы, ұлттық мақтанышқа ие, жетілген адамдар болады. Сондықтан жаңа қаламыздың құрылысын білім ордаларынан бастаудамыз. Бұлар жүз жылға татитын руханият, білім мен ғылымның ошағы болуы керек, – деді Шавкат Мирзиёев.

Заманауи кітапхана қызметкерлері де сол талаптарға сай болуы, озық ақпараттық технологиялар мен қызметтерді жақсы меңгеруі керектігі атап өтілді. Сондықтан Өзбекстан Ұлттық университеті мен басқа да оқу орындарында кітапханашыларды даярлау сапасын арттыру міндеті қойылды. Республиканың 14 қаласында кітапхана филиалдарын ашып, өңірлердегі тұрғындардың да кітап оқуы үшін қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмалар берілді.

Қаланың құрылысында Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті мен «Жаңа Өзбекстан» университеті үшін заманауи кешендер де салынып жатыр. Мемлекет басшысы олардың құрылыс барысын тексерді.

Қазіргі уақытта Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің жеті факультеті әр жерде орналасқан. Көптеген ғимараттар ескірген.

Сондықтан университет үшін 40 гектар алаңда 20 мың студентке арналған оқу ғимараттары құрылады. Сондай-ақ, 5 мың орындық жатақхана, 300 орындық балабақша, 616 орындық мектеп, 588 орындық академиялық лицей, спорт және мәдениет сарайы, амфитеатр және басқа да ғимараттар бой көтермек. Бір сөзбен айтқанда, жоғары рейтингті шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйеніп, «балабақша – мектеп – университет» тұтастығында инновациялық педагогикалық кластер құрылатын болады.

Кешенде педагогтар мен студенттер үшін ең заманауи жағдайлар жасалады. Сабақтар бір ауысымда өтетін болады, дуальды білім беру жүйесі енгізіледі.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Жаңа Өзбекстан» университеті жоғары білім жүйесінде жаңа деңгейге көтерілді. Оның оқу бағдарламалары әлемдік рейтингте жоғары орын алатын университеттердің профессор-оқытушыларын тарта отырып, Германия стандарттары негізінде жасалған.

Бұл жерде оқуды қалаған жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда университетте мыңнан астам студент білім алуда.

Университет үшін жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары үш кезеңде жүргізіледі. Алғашында оқу ғимараттары мен ректорлық ғимарат салынады.

Аяқталған соң 10 мың студентті қамтитын бес факультет, 8 мың студентке қызмет көрсететін ректорат ғимараты бой көтереді. Кітапхана, мұражай, көрме залы, мультимедиа бөлмесі, спорт кешені, жүзу бассейні болады.

Сонымен қатар, оқытушылар үшін 286 орындық жатақхана, студенттер үшін 2 мың орындық жатақхана құрылысы жоспарланған.

Мемлекет басшысы осы кешендердің болашақтағы маңыздылығына тоқталып, оқу процесін тиімді ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.

- Бұл білім ошақтары – жастарымызға салынған инвестиция. Ондағы білім бағыттары, бағдарламалар мен мамандықтар Жаңа Өзбекстанымыздың асқақ мақсаттарын айқындауы керек. Бүгін білім алатын жастарымыз ертең елімізді алға жетелеп, мәселелерді шешетін «кілт», – деді Президент.