Жапонияның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесу өтті

    Ағымдағы жылдың 8 ноябрьде Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева Жапонияның Өзбекстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Такаши Хаторимен кездесті.

    Кездесуде екі ел арасындағы ежелден келе жатқан достыққа, жоғары деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынастарға, түрлі салалар мен секторлардағы тиімді ынтымақтастыққа назар аударылды.

    Атап айтқанда, елші Т.Хатори соңғы жылдары Өзбекстан сыртқы саясатта белсенділік танытып, көршілес елдермен қарым-қатынасты нығайту арқылы Орталық Азиядағы тыныштыққа одан әрі сенім арттыруға қызмет етіп жатқанын айтты.

    Диалог барысында тараптар экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне баса назар аударды.

    Өзбекстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты дамытуда сауда, инвестиция және өнеркәсіп кооперациясын арттыру үстем бағыт саналады. Соңғы 6 жылда жапондық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар саны 8 есеге өсті. Жапонияның «Mitsubishi», «Marubeni», «Isuzu» және тағы басқа компаниялары, сондай-ақ JICA халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қатысуымен өнеркәсіп, табиғи ресурстар, білім салаларында жобалар жүзеге асырылуда.

    Елдердің әлеуетін негізге ала отырып, экономикалық қарым-қатынасты нығайту саласында жаңа жобаларды жүзеге асырудың, сонымен қатар екі елдің жас кәсіпкерлер форумын өткізудің маңыздылығы айтылды.

    Кездесуде басты назар парламенттік дипломатияға қаратылды. Осы бағыттағы диалогтар Өзбекстан-Жапония қарым-қатынастарын дамытуда маңызды рөл атқаратыны атап өтіліп, екіжақты байланыстар мен өзара ынтымақтастықты жандандыру, көпқырлы серіктестікті дамытуда парламенттердің мүмкіндіктерін кеңінен және тиімді пайдалану жөнінде пікір алмасылды. Атап айтқанда, елдеріміз арасында жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін парламенттердің әлеуетін іске қосу маңыздылығы атап өтілді.

    Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, әсiресе, бiлiм беру саласындағы біріккен жобаларды жолға қою туралы бірқатар ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды Олий Мажлис Сенатының баспасөз қызметi.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұдан былай да Өзбекстан мен Жапония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бар іс-әрекеттерін іске қосуға дайын екендіктерін білдірді.