Талдау көрсеткендей, Өзбекстанда күн және жел энергиясының әлеуеті қазіргі электр энергиясына деген қажеттілікті 10-12 есе көп өтейді. Бірақ мұндай үлкен мүмкіндік көп жылдар бойы пайдаланылмады.
Соңғы жылдары республикада бұл салаға үлкен көңіл бөлініп, құқықтық негіз жасалды. «Жасыл энергия» көздерін құру бойынша ауқымды бағдарламалар қолға алынды. Инвесторлар үшін тартымды жағдай жасалған.
Бүгінгі таңда салаға 2,1 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылып, тағы 13 миллиард долларлық жобалар жүзеге асырылуда. Барлық өңірлерде дерлік заманауи күн және жел электр станциялары салынуда.
Атап айтқанда, Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Самарқанд және Сұрхандария қалаларында қуаттылығы 1,6 гигаватт болатын 9 ірі күн және жел электр станциясы іске қосылды. Әндіжан, Самарқанд, Сұрхандария және Ташкент облысында 183 мегаватт болатын ірілі-шағын 6 су электр станциясы іске қосылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік сала объектілері, кәсіпорындар мен ұйымдар, кәсіпкерлерге тиесілі ғимараттар мен тұрғындардың пәтерлеріне жалпы қуаты 457 мегаватт күн батареялары орнатылды. Бұл жұмыстарға банктер тарапынан 2 триллион сумға жуық қаражат бөлінді.
Нәтижесінде қосымша 5 миллиард киловатт-сағат экологиялық таза электр энергиясын өндіруге және 1,5 миллиард текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік туды.
Бұл саладағы ауқымды жұмыстар жергілікті кәсіпорындарда трансформатор, әртүрлі кабельдер, жылу коллекторлары, күн батареялары, оқшаулағыштар, металл бағаналар сияқты өнімдерді өндіруді арттыруға үлкен серпін берді.
Бір сөзбен айтқанда, «жасыл» энергетика экономикамыздың драйверлерінің біріне, шын мәнінде жалпыхалықтық қозғалысқа да айналуда.
2024 жылы «жасыл энергияның» көлемі 13 миллиард киловатт-сағатқа, оның республикадағы жалпы үлесі 15 пайызға жетеді. Бұл, әрине, қысқа мерзім үшін өте үлкен көрсеткіш.
Бірақ бұл тұрғыда әлі де көп мүмкіндіктер бар, олар барлық өңірлерде толық пайдаланылмай отыр.
Сондықтан жиында жаңартылатын энергия көздерін ұлғайту және соған сәйкес инфрақұрылымды дамытудың жаңа жоспарлары талқыланды.
Мемлекет басшысы осы саладағы тәжірибеге сүйене отырып, биылғы жылы ірі «жасыл энергетика» қуаттарын құрудың үш жылдық бағдарламасына көшу қажеттігін баса айтты.
Халық пен экономика салаларының сұранысын ескере отырып, алдағы үш жылда қуаттылығы 8 гигаватт болатын 28 ірі күн және жел электр станциялары іске қосылады. 944 шақырым жоғары вольтты электр желісі мен 6 ірі қосалқы станция салынады. Жалпы қуаты 2,2 гигаватт болатын 18 электр сақтау қоймасы орнатылады.
Энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осы қуаттарға сәйкес келетін желілерді салуды және қажетті материалдарды өндіруді қолға алу керектігі айтылды.
Энергетика министрі үш жылдық бағдарламадан 2,6 гигаватт болатын 14 стансаның іске қосылатынын, оларды желіге қосу үшін 5 қосалқы стансаның кеңейтіліп, 500 шақырымдық жоғары вольтты электр желісінің құрылуы жайлы ақпарат берді.
Жалпы жаңа қуаттар есбінен биылғы жылы кемінде 85 миллиард киловатт-сағат, оның ішінде күн және жел электр станцияларында 6 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі
Сондай-ақ жерлерде күн батареяларын орнатудың жай-күйі де қаралды.
Тұрғындардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Шуақты үй» бағдарламасы енгізілген. Ол бойынша күн батареяларын орнатқан тұрғындардан 1 мың сумға 1 киловатт электр қуатын сатып алу жүйесі іске қосылды. Қазір бұл мүмкіндікті 11 мыңға жуық пәтер иесі тиімді пайдалануда.
Бұл жұмысты кеңейту үшін оның тартымдылығын арттырып, күн батареяларын орнатушыларға көмектесу керектігі айтылды. Бұл мақсатқа қосымша 50 миллион доллар бөлініп, шетелдік инвесторлардың қатысуымен тағы 100 миллион доллар тартылуы белгіленді.
Күн энергиясын пайдалануда кәсіпкерлерге қосымша жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, күн батареяларын, инвертор мен аккумуляторларды әкелудегі кедендік жеңілдіктер тағы бес жылға ұзартылады.
Шенеуніктерге ауыл және су шаруашылығы, ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты энергияны көп тұтынатын салаларда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жеке бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
Бұл саланың дамуы басқа іргелес салаларға оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, ірі күн және жел электр станцияларын салу, оларды желіге қосу, жөндеу және қызмет көрсету барысында жергілікті кәсіпорындар үшін кемінде 1 миллиард долларды құрайтын нарық пайда болуда.
Сондықтан биылғы жылы Қарши қаласындағы «Солар кластерде» күн батареясы, аккумулятор, инвертор, су жылытқыш, кабель және трансформатор, Нөкіс қаласы мен Әндіжан ауданында күн батареяларын шығару жоспарланған.
Мемлекет басшысы жергілікті кәсіпорындарға халықаралық сертификаттар алып, өнімдерін халықаралық стандарттарға бейімдеуге көмектесуді тапсырды.
Энергетика министрі мен әкімдер кеңесте алға қойылған міндеттер бойынша жұмысты ұйымдастыру жоспарлары туралы ақпарат берді.