Кездесуге Қарақалпақстан Республикасы, облыстар және Ташкент қаласындағы студиялар арқылы 60 мыңнан астам жастар қатысты.

Мемлекет басшысы жиналғандарды құттықтап, елдегі 22 миллионнан астам жастардың үлкен экономикалық, әлеуметтік және саяси күш екенін атап өтті. Барлық деңгейдегі басшылар жастарды шет тілдері мен кәсіпке үйрету, спортқа баулу, идеялары мен стартаптарына қолдау көрсету, оларды жұмыс және табыспен қамту бағытында белсенді жұмыс істеуі, бірде-бір жасты назардан тыс қалмауы қажет екені айтылды.

Жылдар бойы жасалған мүмкіндіктердің нәтижесінде жастар әлемдік ғылыми олимпиадаларда 66 алтын, 147 күміс, 221 қола медаль жеңіп алды. Гарвард, Йель, Принстон, Колумбия, Корнелл секілді беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер саны 500-ден, ТОП-100 университеттерде оқып жатқан жастар саны 3,5 мыңнан асты. Жастар әзірлеген 63 стартап жобасы АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірліктері нарықтарына шыққан. Жас спортшылар халықаралық ареналарда 720 алтын, 671 күміс, 854 қола медаль жеңіп алған. Бүгінде жас кәсіпкерлер елдегі бизнес өкілдерінің 35 пайызын құрайды.

Осы орайда, Өзбекстан Жастардың жаһандық даму индексінде ең жылдам дамып келе жатқан мемлекет ретінде танылғаны бекер емес. Биыл Ташкентте Дүниежүзі жастарының бейбітшілік жолындағы қозғалысының бас штабы ашылып, Самарқанд қаласында Жастар парламенті мүшелерінің 12-жаһандық конференциясы, «Take Off» халықаралық стартап саммиті және 46-дүниежүзілік шахмат олимпиадасы өтеді.

Мемлекет басшысы жыл сайын 600 мың жас еңбек нарығына кіретінін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллионға жететінін айтып, жастардың қабілеті мен қызығушылығына сай жұмыс табуына жағдай жасау ең маңызды жағдай екенін атап өтті.

Жастар арасында өткен сауалнама нәтижесіне сәйкес, олардың үштен бірі кәсіпкер болғысы келетінін айтқан.

Өткен жылы жастарды жұмыспен қамту үшін банктер мен Жастар істері агенттігіне 400 миллион доллар бағытталып, «Жастар бизнесі» және «Болашаққ қадам» бағдарламалары аясында 15 мың жас өз кәсібін бастап, 50 мың адамды жұмыспен қамтыған.

Бұл жұмыстарды жалғастыру мақсатында жастар кәсіпкерлігін қолдауға қосымша 200 миллион доллар бөлінетіні айтылды.

Қаржыландыру мүмкіндіктері кеңейтіледі: өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар үшін несие мөлшері 100 миллион сумнан 300 миллион сумға дейін ұлғайтылмақ. Жас кәсіпкерлер жобаларына 10 миллиард сумға дейін несие беріледі. Инновациялық стартаптарға 100 мың долларға дейін инвестиция салуға рұқсат етіледі. Қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласында 1 мыңнан астам жұмыс орны құрған жергілікті брендтердің франшизасын алып, филиал ашқысы келетін жастарға жеңілдетілген қаржыландыру пакеттері ұсынылады.

Биылдан бастап «Келешек кәсіпкері» бағдарламасы іске қосылып, жастарға 7 жылға дейін 15 пайыздық несие беріледі. Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға кепілсіз 20 миллион сумға дейін, жаңа бизнес бастаушыларға 300 миллион сумға дейін, қызметін кеңейтетіндерге 2 миллиард сумға дейін, кемінде 5 түлекті жұмысқа алған кәсіпкерлерге 10 миллиард сумға дейін несие берілетін болады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті енді бастаған жастардың 30 пайызы бизнес дағдыларының жетіспеуінен қиындық көретіні айтылды. Осыған байланысты әр өңірде идеяны бизнеске айналдыру, бухгалтерия, банк ісі, маркетинг, ішкі және сыртқы нарыққа шығу бойынша кешенді қызмет көрсететін «Жастар бизнес инкубаторы» ұйымдастырылады.

Шетелдің беделді жоғары оқу орындарымен бірлесіп, кемінде 40 мың жасты кәсіпкерлікке үйрететін «Жаңа буын кәсіпкерлері» бағдарламасы басталады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған үздік 1 мың жас түлекке 3 жыл мерзімге 200 миллион сумға дейін 7 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі.

Жыл сайын «Жас кәсіпкерлер» байқауы өткізіліп, үздік 100 жобаға «Жастар венчурсы» қорынан 1 миллиард сумға дейін қаржы бөлінеді.

1 наурыздан бастап жаңа іс бастаған жас кәсіпкерлердің инфрақұрылымға қосылуға байланысты мемлекеттік қызмет шығындары Жастар кәсіпкерлігі қоры есебінен өтеледі.

Әлеуметтік бастамалар аясында «Voice Up» инклюзивті лагері тәжірибесі кеңейтіліп, ол әр өңірде өткізіледі және 1 мың жасты қамтитын болады жіне үздік бастамалар негізінде Самарқандта Халықаралық инклюзивті жастар лагері ұйымдастырылады.

«Өсу және даму» (Upshift)» жобасы аясында биыл медиа, дизайн, қолөнер, өндіріс және инновация бағыттарында байқаулар өтеді. Үздік 40 стартапты қаржыландыру үшін 2 миллиард сум бөлінеді.

Техникумдарда білім беру бағдарламалары жұмыс берушілер сұранысына сай жаңартылып, дуалды оқыту ауқымы кеңейтіледі, материалдық-техникалық база жақсартылады.

Техникумдарға жоғары оқу орындары сияқты «spin-off» ашуға рұқсат беріліп, студенттердің стартап жобаларына 1 миллиард сумға дейін қаражат бөлінеді. Биылдан бастап техникум студенттеріне «Жұмыс және саяхат» (Work and travel)» бағдарламасы арқылы 6 ай шетелде жұмыс істеп, қосымша табыс табу мүмкіндігіне жол ашылып , жол шығындарына жеңілдетілген несие қарастырылады.

Шетел тілі сертификатына ие жастарды қолдау тетігі нәтижелі болғаны айтылып, сертификат алған жастар саны 600 мыңнан асқаны, шет тілдерін үздік меңгерген 72 мың инструктор қалыптасқаны және жеке оқу орталықтарының саны үш есеге өсіп, 38 мыңнан асқаны атап өтілді.

Жеке оқу орталықтары қауымдастығын құру бастамасы қолдау тауып, қауымдастық мүшесі саналатын орталықтарға ғимаратын жалға берген кәсіпкерлер жалдау табысы мен пайда салығын төлеуден босатылады. Мұндай орталықтардың оқытушыларын алдыңғы қатарлы білім беру орталықтарына тағылымдамадан өткізу тәжірибесі жолға қойылады.

«Көмек» бағдарламасы аясында шалғай және алыс өңірлерде шет тілдерін оқыту орталықтарының қызметін кеңейту үшін 300 миллион сумға дейін пайызсыз несие беріледі. Алыс аймақтардағы оқу орталықтары әлеуметтік салықты 1 пайыз мөлшерінде, ал оқытушылар табыс салығын 7,5 пайыз көлемінде төлейді (қазіргі кезде 12 пайыз).

Жергілікті жерлерде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жастарын тегін оқытатын орталықтарға қосымша жеңілдіктер қарастырылды: олар жер және мүлік салығынан босатылады, коммуналдық шығындарының жартысы өтеледі, оқытушыларға төленген табыс салығы мен әлеуметтік салық «кэшбэк» тәртібімен қайтарылады.

Сондай-ақ, волонтерлік қызметіне ерекше назар аударылды. Елде құқықтық негіздердің қалыптасуы нәтижесінде ерікті жастар саны 5 есеге артып, экология, медициналық қызмет, білім беру және төтенше жағдайларда көмек көрсету бағыттарындағы еріктілер саны 100 мыңнан асқаны айтылды.

Еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында Қамқоршылық кеңесін құру, Жастар істері агенттігінде «Еріктілерді қолдау» қорын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қорға жыл сайын бюджеттен 20 миллиард сум, тағы да жергілікті бюджеттерден 3 миллиард сум бөлінеді. Осы қаражат есебінен еріктілер жобаларына 100 миллион сумға дейін грант беріледі, сондай-ақ «әлеуметтік белсенділік картасы» арқылы баллдық жүйе енгізіледі.

Жиында жас отбасыларды қолдау және кітап оқуды насихаттау мәселелері де көтерілді.

Жас отбасылар үшін тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы аясында несие мөлшерлемесінің 14 пайыздан асқан бөлігі бюджет есебінен өтелетіні айтылды.

«Кітап оқу мәдениетін дамыту» қоры арқылы ең талантты жазушыларға шығармашылық тапсырыс беріліп, бір жыл бойы айына 20 миллион сумнан ақы төлеу, үздік шетел әдебиетін өзбек тіліне және ұлттық әдебиетті шет тілдеріне аудару әрі басып шығару шығындарының жартысын өтеу көзделіп отыр.

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ең үздік 100 шығарма жинағын дайындап, барлық мектептер мен техникумдарға жеткізу, үздік оқырман оқушыларды 10 миллион сум көлемінде ақшалай сыйақымен марапаттау тапсырылды.

Кітапхана, «book cafe» және кітап дүкенін ашып, айына 10 мың данадан астам кітап сатылымын жолға қойған кәсіпкерлерге 3 жыл мерзімге 1 миллиард сумға дейін 7 пайыздық несие беру тетігі қарастырылды.

Жазасын өтеу мекемелерінен босап шыққан жастардың қоғамға тез бейімделуі үшін «Екінші мүмкіндік» жобасы басталатыны хабарланды. Бұл жоба аясында 8–12 айлық қарқынды курстар арқылы бағдарламалау, веб-дизайн, компьютерлік инженерия және басқа да мамандықтар мен шет тілдерін оқыту арқылы табысты жұмысқа орналасуына жағдай жасалады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жастармен ашық пікір алмасып, олардың түрлі салаларға қатысты ұсыныстары мен бастамаларын тыңдады.

Сондай-ақ, кездесуге қатысқан жауапты тұлғалар да сөз алып, баяндама жасады.