Кейінгі жылдары Ташкент облысының таулы аймақтарында туризм инфрақұрылымын дамытуға, табиғи мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және заманауи демалыс орындарын салуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Паркент ауданындағы «Олтин бел» кешені осы бағыттағы ірі жобалардың бірі. Ол 2025 жылы салынған «Kumushkon Resort» жобасының жалғасы.

Жалпы аумағы 47 гектар болатын кешенге 700 миллиард сумға жуық инвестиция салынған. Мұнда заманауи қонақүйлер, шале үлгісіндегі демалыс үйлері, мейрамханалар, спорт және ойын-сауық нысандары бой көтерген.

Атап айтқанда, бес қабатты төрт қонақүй және жеке бассейндері бар бір-екі қабатты 51 демалыс үйі салынған. Қонақүйлерде түрлі санаттағы бөлмелер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайлар, спа және басқа да қызмет көрсету орындары қарастырылған.

Сонымен қатар, мұнда 350 және 700 орындық мейрамханалар, үш қабатты фудкорт, сауда орындары, ашық және жабық спорт нысандары, сондай-ақ аумағы 2,2 мың шаршы метр аквапарк бар.

Демалушылардың уақытын қызықты өткізуі үшін 14 түрлі аттракцион, ұзындығы 650 метр зиплайн, гравитациялық картинг трассалары, родельбан, 800 орындық амфитеатр, жасанды көл мен хайуанаттар бағы ұйымдастырылған. Сонымен қатар 1 100 автокөлікке арналған тұрақ салынған.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – туризм саласына қажетті білікті мамандар даярлау. Осыған орай құрылған оқу орталығында қонақүй және мейрамхана қызметі бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіліп келеді. Қазір Туризм комитетінің қолдауымен Кумушкон махалләсіндегі жұмыссыз жастар оқытылып жатыр. Жыл соңына дейін 300 маман даярлау жоспарланған.

Қызмет көрсету сапасын халықаралық деңгейге көтеру мақсатында қонақүйлерді басқару Түркияның «Elite World» компаниясына тапсырылған. Қонақүй бизнесінде 46 жылдық тәжірибесі бар компанияны тарту арқылы заманауи басқару стандарттарын енгізу, қызмет сапасын арттыру және шетелдік туристер ағынын көбейту көзделген.

Кешен толық іске қосылғанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Күніне 6 мыңға дейін келушіге қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болып, жылдық табыс 200 миллиард сумға жетеді деп күтілуде.

Паркент ауданында туризмнің дамуы өңірдің әлеуетін кеңінен пайдалануға жол ашып отыр. Биылғы жылдың өткен кезеңінде ауданға 198,2 мың шетелдік және 1,4 миллион жергілікті турист келген. Туристік қызметтер экспорты 81,1 миллион долларға жеткен.

«Олтин бел» секілді ірі кешендердің іске асуы Паркенттің туристік тартымдылығын арттыруға, қонақтардың өңірде ұзақ аялдауына, қызмет түрлерін көбейтуге және жергілікті тұрғындар үшін жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы кешендегі жағдайлармен танысып, туристік қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды тиімді пайдалану және өңірдің туристік мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту мәселелеріне назар аударды.

Осы жердің өзінде Президентке отандық кәсіпорындарда өндірілетін заманауи құрылыс материалдарының көрмесі таныстырылды.