Бұл туралы Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы хабарлады.
Жаңа технология бойынша арнайы проекторлардың көмегімен жол бетіне жарық арқылы жаяу жүргіншілер өткелінің ақ жолақтары түсіріледі. Кәдімгі жол белгілері уақыт өте келе, әсіресе жаңбырлы және қарлы ауа райында, сондай-ақ түнгі уақытта нашар көрінуі мүмкін. Ал проекциондық «зебра» жарық арқылы бейнеленетіндіктен, жүргізушілерге анағұрлым анық көрінеді деп күтілуде.
Бұл технологияның тағы бір артықшылығы – жолақтар автомобиль доңғалақтарының әсерінен өшпейді және оларды үнемі қайта бояудың қажеті жоқ. Қар жауған кезде де жарық арқылы жаяу жүргіншілер өткелін көрсету мүмкіндігі бар.
Жаңа үлгідегі жаяу жүргіншілер өткелінің алғашқы нұсқасы Қумарық көшесінде орнатылды. Қазіргі уақытта технологияның түрлі ауа райы жағдайларында жұмыс істеуі және жүргізушілерге қаншалықты анық көрінетіні тексерілуде.
Сынақ нәтижелері оң болған жағдайда, осындай проекциондық жаяу жүргіншілер өткелдерін астананың басқа да аумақтарында енгізу мүмкіндігі қарастырылады.