Қазіргі жаһандық геосаяси ахуал шиеленіскен кезеңде инвестиция тарту үшін бәсеке барған сайын күшейіп келеді. Ал Өзбекстанның бай табиғи ресурстары, экономикалық әлеуеті мен жүргізіліп жатқан реформалары бұл бағытта елеулі артықшылық беріп отыр.
– Көптеген халықаралық компаниялар өңірлік тәуекелдерді бағалап, жаңа нарықтарды зерттеуге кірісті. Бұл – біз үшін тарихи мүмкіндік. Осы сәтті тиімді пайдаланып, халықаралық қаржы компанияларын елге жедел тартуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Биыл 50 миллиард доллардан астам инвестиция тарту мақсатына жету үшін инвесторлардың Өзбекстан нарығына кіруін жеңілдету, оларға заманауи инфрақұрылым, халықаралық стандарттарға сай құқықтық режим, қосымша жеңілдіктер және ең бастысы – сенімді әрі ашық бизнес ортасын қамтамасыз ету қажет.
Осыған байланысты таныстырылымда елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған үш басым бағыт қаралды. Олар – халықаралық қаржы орталығын және цифрлық технологиялар орталығын құру, сондай-ақ исламдық қаржы қызметтерін енгізу.
Ташкент халықаралық қаржы орталығы талқыланған кезде, оның жаңа инвестицияларды тартудың және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің тиімді құралы болатыны атап өтілді. Талдауларға сәйкес, 2030 жылға дейін бұл орталық экономикаға қосымша 20–25 миллиард доллар инвестиция тартып, жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсіміне 1 пайызға дейін үлес қосуы мүмкін. Сонымен қатар 15 мыңға дейін жаңа жоғары білікті жұмыс орны ашылып, 10 мыңнан астам маманның біліктілігі артады деп күтілуде.
Орталық қызметі үшін арнайы құқықтық режим енгізу көзделген. Бұл ретте Англия мен Уэльстің жалпы құқығы орталық туралы заңға қайшы келмейтін деңгейде қолданылады. Сондай-ақ туындайтын дауларды қарастыратын Ташкент халықаралық коммерциялық соты мен халықаралық арбитраж орталығын құру жоспарланып отыр.
Орталық резиденттеріне капиталдың еркін қозғалысы, валюталық операциялар жүргізу, цифрлық активтермен жұмыс істеу, салықтық жеңілдіктер мен жеңілдетілген виза тәртібі сияқты кең мүмкіндіктер беріледі. Қаржы-нивестиция, банк қызметі, сақтандыру, бағалы қағаздар, төлем жүйелері және финтех қызметтері орталықтың негізгі бағыттарына айналады.
Екінші бағыт – «Enterprise Uzbekistan» бренді аясында Цифрлық технологиялардың халықаралық орталығын құру және дамыту.
Бұл орталық үшін 2100 жылға дейін әрекет ететін арнайы құқықтық режим енгізіледі. Онда жаңа шешімдерді сынақтан өткізуге арналған арнайы реттеу «құмсалғышы», жалақыны шетел валютасында төлеу, халықаралық еңбек стандарттарын енгізу, деректерді бұлтты технологиялар арқылы өңдеу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар зияткерлік меншікті қорғау, инвестициялар, стартаптарды дамыту және экспортты қолдау үшін қолайлы жағдай жасалады, кеден және салық бойынша жеңілдіктер беріледі.
Орталықтың негізгі бағыттарына жасанды интеллект, цифрлық трансформация, ғылыми зерттеулер және әзірлемелер, сертификаттау, стартаптар мен деректер орталықтары кіреді.
Таныстырылымда 2030 жылға дейін бұл алаң арқылы 1000-ға жуық компания тартылып, 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 5 миллиард долларлық экспорттық әлеуетке қол жеткізу межесі көзделіп отырғаны айтылды. Бірқатар ірі халықаралық технологиялық компаниялар бұл бастамаға қызығушылық танытқаны атап өтілді.
Үшінші бағыт ретінде Өзбекстанда исламдық қаржы қызметтерін енгізу мәселесі қаралды.
Елімізде тауарды бөліп төлеу арқылы сату негізінде клиентті қаржыландыру – «муробаһа», пайданы бөлісу шартымен қаржыландыру немесе қаражат тарту – «музораба», агенттік келісім арқылы қаражат беру немесе тарту – «вакала», тауар үшін алдын ала төлем жасау арқылы қаржыландыру – «салам және истисно», бірлескен қызмет негізінде қаржыландыру – «мушорака», сондай-ақ мүлікті исламдық жалға беру беру сияқты операциялармен қатар, қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін өзге де исламдық қаржы құралдарын енгізу көзделіп отыр.
Мұндай жүйеде тауар үстемесіне қосылған құн салығы салынбайды, инвестициялық салымдардан түсетін табыс салықтан босатылады, ал мүлікті исламдық жалға беру шарттары қаржылық жалға беру және лизинг ретінде қарастырылады.
Салада жүйелі басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Орталық банк жанынан Исламдық қаржы кеңесі құрылады. Сондай-ақ исламдық қаржы қызметтерін көрсететін банктерде де жеке кеңестер жасақталады. Аталған кеңестер стандарттарды әзірлеу, нормативтік-құқықтық құжаттар жобаларын дайындауға жәрдемдесу, даулы мәселелерге түсіндірме беру, келісімшарттар мен ішкі құжаттарды қарау, сондай-ақ талаптарға сәйкестікті бақылауды қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады.
Жоспарға сәйкес, биыл кемінде бір коммерциялық банкте исламдық «терезе» ашылады. Ал 2026–2030 жылдары толыққанды исламдық банк қызметін жүзеге асыратын екі банк құру көзделген. Жалпы, бұл жаңашылдықтар арқылы алдағы жылдары қосымша 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция мен депозит тарту мүмкіндігі бар екені айтылды.
Мемлекет басшысы аталған үш бағыт елде заманауи қаржы және технологиялық экожүйе қалыптастыруға негіз болатынын атап өтіп, оларды жедел іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.