Бірлескен мәлімдемеде тараптар апатқа қатысты мәселелер, соның ішінде өтемақы төлемдері бойынша да өзара қолайлы шешім тапқаны айтылған.

Бұл туралы бүгін, 15 сәуір күні, елдердің сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жасады.

Құжатта ұшақ Ресей әуе кеңістігінде әуе қорғаныс жүйесінің «кездейсоқ әрекеті» салдарынан апатқа ұшырағаны көрсетілген.

Мәлімет үшін, Embraer E190 үлгісіндегі лайнер 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан кезде Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған. Соның салдарынан 38 адам қаза тапқан, 29 жолаушы аман қалған.

Апаттан кейін Мәскеу мен Баку арасындағы қатынастар күрт шиеленіскен еді. Әзербайжан Ресейден апат үшін жауапкершілікті мойындауды талап еткен.

2025 жылғы қазанда Ресей Президенті Владимир Путин ұшақты Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін мойындады. Оның айтуынша, бұл жағдай техникалық ақау салдарынан болған, ұшырылған зымырандар ұшаққа тікелей тимей, шамамен он метр қашықтықта жарылған.

Тараптардың мәлімдеуінше, қабылданған шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызмет етеді.