Басылымның жазуынша, Telegram «Ресейдің конституциялық құрылымға қауіп төндіретін ақпаратты таратудың негізгі көзі» әрі «террористердің цифрлық штабы» деп аталуда.
«Бұған мысал ретінде әлем бойынша наразылық акциялары кезінде жұмыс істеген үйлестіруші арналар мен чаттар, сондай-ақ “радикалдар, есірткі сатушылар, кісі өлтірушілер мен террористер армиясын” жинаған чаттар келтірілген», делінген хабарда.
Павел Дуров Ресейде өзіне қарсы қозғалған іс жөнінде мәлімдеме жасап, Мәскеуді өз азаматтарынан қорқуда деп айыптады.
Telegram негізін қалаушының айтуынша, Ресейде оған қатысты «терроризмге жәрдемдесу» бабы бойынша іс қозғалған. Дуров өз арнасында Ресей үкіметі ресейліктердің мессенджерге кіруін шектеу үшін «күн сайын жаңа сылтаулар ойлап табуда» деп жазды. Ол мұны «өз азаматтарынан қорқатын мемлекеттің аянышты жағдайы» деп атады.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының Федералдық қауіпсіздік қызметі материалдарына сүйеніп хабарлауынша, Дуровқа Роскомнадзор-дың тыйым салынған контентті өшіру туралы 150 мыңнан астам талабына жауап бермегені үшін терроризмге жәрдемдесу айыбы тағылған. Мәліметтерге сәйкес, іс Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі бойынша қозғалған, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Ресей үкіметі 2025 жылы Telegram мессенджерінде қоңырау шалу функциясын шектеген, ал 2026 жылдың ақпанында оның жұмысын баяулатқан. Осыдан кейін мессенджер толықтай бұғатталуы мүмкін деген әңгімелер тараған.