Бұл кешеннің құрылысын өткен жылы, 27 маусымда Мемлекет басшысы өзі бастап берген болатын. 400 гектар аумақта салынып жатқан технопаркта қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, 1 миллиард 200 миллион доллар көлеміндегі 31 жоба жүзеге асырылады.

Осы уақыт ішінде қажетті инфрақұрылым мен нысандар тұрғызылды. Жақында алғашқы кәсіпорын – «Xinjiang Honglin Tiandi» компаниясы тарапынан 10 миллион долларлық бетон бұйымдарын шығаратын жоба іске қосылды. Мұнда 60 адам жұмыспен қамтылды.

Қазіргі таңда 42 миллион долларлық екінші жоба соңғы кезеңге жетті. Бұл жоба аясында «Midea» брендімен жылына 300 мың дана тұрмыстық электр техникасы өндіріледі. 150 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына осы және алдағы жобалар жөнінде ақпарат берілді.

Бірінші кезеңде арнайы индустриялық аймаққа 9 жоба орналастырылған. Бүгінгі таңда шамамен 300 миллион долларлық тағы 7 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар аясында құрылыс материалдары, құрылымдар, электр техникалары мен химиялық өнімдер өндіріледі, сондай-ақ логистикалық және оқу орталығы ұйымдастырылады.

Жалпы алғанда, индустриялық аймақтағы барлық жобалар нәтижесінде шамамен 5 триллион сумға тең өндірістік өнім шығарылады, 15 түрлі жаңа өнім игеріліп, 70 миллион долларлық экспорттық әлеует қалыптасады. Ең бастысы – 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Президент инвесторларға қолдау көрсетіп, жобаларды жеделдету жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ, өнеркәсіп салаларына сай мамандар даярлау мен жастарды жұмыспен қамтудың маңыздылығын атап өтті.