Атап айтқанда, Ұлттық жоспарға сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған жекелеген медициналық қызметтер пакетін мемлекеттік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландыру белгіленген.

Бұл пакет төмендегілерді қамтиды:

дәрілік заттар, соның ішінде химиотерапия, мақсатты және иммунотерапия;

заманауи диагностика, хирургиялық операциялар және стационарлық емдеу;

психологиялық, әлеуметтік және паллиативтік көмек;

телемедицина, цифрлық қызметтер және инновациялық технологиялар;

реабилитация және толық сауығуға дейінгі медициналық қызметтер.

Тағы бір маңызды жайт: Ұлттық жоспар аясында Республикалық балалар онкологиясы, гематологиясы және иммунологиясы ғылыми-практикалық медицина орталығының, сондай-ақ оның аумақтардағы 14 филиалының қызметі жетілдіріледі.

Бұл арқылы жергілікті жерлерде ауруларды ерте анықтау, науқастарды тиісті медициналық мекемелерге уақтылы жолдау, емдеу сапасын бақылау және мамандар арасында қашықтан кеңес беру мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ), ЮНИСЕФ-пен, халықаралық қаржы институттарымен және басқа да серіктестермен бірлесіп, салаға қосымша инвестициялар тарту, заманауи диагностика мүмкіндіктерін кеңейту және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

2030 жылға дейін қол жеткізу көзделген негізгі нәтижелердің бірі — балалар онкологиясы саласында диагностика, емдеу, қажетті дәрілік заттар және оңалту шығындарын мемлекет тарапынан 100 пайыз өтеу жүйесін қалыптастыру.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.