Кейінгі 6 жылда Өзбекстанда халық саны 5 миллион 500 мың адамға өсіп, 36 миллионнан асты. Олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында тұрғын үйлер салынуда.
Атап айтқанда, 2017 жылдан бері 326 мың жаңа үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету 18 пайызға өсті.
Ол үшін соңғы үш жылда банктер 210 мың отбасына 33 триллион сум көлемінде ипотекалық несие бөлді. 73 мың күн көрісі төмен отбасыға бастапқы жарна мен пайыздық төлемдерге 1,3 триллион сум субсидия берілген.
Салаға нарықтық принциптерді енгізу нәтижесінде жүздеген жеке клиенттік компаниялар қалыптасты. Құрастырмалы темірбетонды көпқабатты үйлердің 11 ірі кластері пайда болды. Кәсіпкерлерге жағдай жасаудың арқасында цемент, газаблок, кафель, керамогранит өндірісі артып, олардың бағасы біршама арзандады.
Бұл жұмыстар дәйекті түрде жалғасын тауып, өткен жылы 60 мың пәтерлі көпқабатты үйлер бой көтерді. 31 аймақта «Жаңа Өзбекстан» массивтерін салу бағдарламасы басталды.
Жиында ең алдымен аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылу барысы сыни тұрғыдан талқыланды. Әндіжан мен Хорезмде жердің дұрыс таңдалуы мен инфрақұрылымның құрылуына байланысты құрылыс қарқын алғанымен, қалған аймақтарда бұл жұмыстар кешеуілдеуде. Бұхара, Қашқадария, Науаи, Наманған, Самарқанд, Сұрхандария, Сырдария, Ферғана және Ташкент облыстары әкімдерінің құрылыс жөніндегі орынбасарларына тәртіптік жаза қолданылды. Шенеуніктерге инфрақұрылым, құрылыс және сатуға қатысты мәселелерді шешу жөнінде тапсырмалар берілді.
Жалпы, биылғы жылы тұрғын үй құрылысының көлемін 1,5 есеге ұлғайтып, 90 мыңға жеткізу жоспарлануда. Мемлекет басшысы бұл жұмыстар әр өңірдің экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне үлкен серпін беретінін баса айтты. Сондықтан тұрғындар мен құрылысшылар үшін 4 бағытта жаңа жеңілдік пен мүмкіндіктер айқындалды.
Біріншіден, көбірек халықты қамту үшін тіпті ресми табысы жеткіліксіз азаматтарға да ипотекалық несие алуға мүмкіндігі жасалады. Олардың төлем қабілеттілігін анықтау кезінде банк картасы бойынша айналысқа төленген ақша, жалға алу, коммуналдық қызмет және басқа да шығындар да есепке алынады.
Бастапқы жарнаны жоғарырақ төлеген азаматтар банктен арзанырақ несие ала алады. Субсидиялауға бөлінген қаражатты тезірек игеру үшін субсидиялау туралы хабарламаның қолданылу мерзімі 12 айдан 4 айға дейін қысқарады. Бұл ретте осы айлар ішінде анықтамасын пайдаланбаған азаматтарға субсидия алуға қайта өтініш беру құқығы беріледі.
Экономика және қаржы министрлігіне ипотекалық несиеге қаражат бөлу және субсидиялау бойынша тапсырмалар берілді.
Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір жоба – «Менің бірінші үйім» бағдарламасы. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі жанынан арнайы тұрғын үй серіктестігі құрылады. Ташкент облысының «Заңгіата» ауданынан 36 гектар жер бөлініп, 58 көпқабатты тұрғын үй, әлеуметтік мекемелер, ойын-сауық орталықтары салынады. Бұл жағдайда кәсіпкерлерге сауда және коммерциялық алаңдарды нарықтық бағамен сату арқылы үйлердің бағасын төмендетуге болады.
Шенеуніктерге осы қалашықтың бас жоспарын пысықтап, сарапшылық және қоғамдық кеңестер өткізу тапсырылды.
Екіншіден, құрылыс құнын төмендету үшін 2025 жылға дейін ағаш, фанер, ағашты қалып пен шыны импортына салынатын кедендік баж салығы алынып тасталады. Жоғары сұрыпты цементті кедендік баж салығынан босату тағы бір жылға ұзартылады. Осының арқасында тұрғын үй құрылысының құны 5 пайызға төмендейді.
Мердігерлерге салынып жатқан үйді қабатпен кепілге қойып, әр қабат үшін несие алу құқығы және құрылыс компанияларына әр көпқабатты үй үшін өтемақы мен кепілдіктер беріледі.
Банктер беретін несиелерді мемлекеттік қайта қаржыландыру тәжірибесі жалғасатын болады.
Үшіншіден, тұрғын үйді уақытылы пайдалануға беру мен сатып алуда байланыс басты мәселе. Сондықтан Экономика және Қаржы министрлігіне инфрақұрылымға қажетті қаражат бөлу, ал облыс әкімдеріне жаңа массивтерде ішкі жолдар салу жөнінде тапсырма берілді.
Ескі үйлері көп қалаларда жөндеу бағдарламасына сұраныс артуда. Мемлекет басшысы мұның құқықтық негізі болуы керектігіне тоқталып, «Жаңғырту туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынды.
Тағы бір мәселе, бүгінде көп жердегі құрылыстар инфрақұрылымының мүмкіндіктеріне сай емес. Мысалы, Ташкент халқы жыл сайын 100 мыңға көбейіп келеді және жылына қосымша 20 мың пәтер қажет. Қала ағынды суларды тазарту қондырғыларының қуатынан асып түсетін жүктемемен жұмыс істеуде.
Сондықтан қазір су, кәріз, жарық, газ, жол инфрақұрылымын жақсартуға инвестор-құрылысшыларды тартуға болатыны айтылды.
Төртіншіден, биылғы жылы 90 мың тұрғын үй жоспары құрылыс материалдары кәсіпорындары үшін үлкен нарық. Дегенмен, темірбетон шығаратын 3 мың кәсіпорынның тең жартысында зертхана жоқ екені айтылды.
Мемлекет басшысы бұл өнімдер үйлердің сапасына әсер ететін басты фактор екеніне тоқталып, осындай кәсіпорындардың барлығында заманауи зертханалар ашуды талабын жүктеді.
Кейінгі айларда әлемде де, біздің өңірде де сейсмикалық белсенділік байқалуда. Сондықтан 1 мамырдан бастап құрылыс алаңында инженерлік-геологиялық сараптама жүргізу мәжбүрлі болып, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары жоғары ғимараттарды тек рейтингі жоғары кәсіпорындар салады деп шешілді.
Президент қалалардағы дренаж жүйесінде туындайтын мәселелерге де тоқталып, оларды шешу жөнінде жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
– Ипотека әлеуметтік жағынан да, экономикалық тұрғыдан да маңызды мәселе. Сондықтан құрылыс жұмыстарын тездетіп, халқымызға сапалы үйлер беру керек, – деді Шавкат Мирзиёев.
Жиында қаралған мәселелер бойынша Премьер-Министр мен оның орынбасарлары, министрлер мен әкімдер ақпарат берді.