Дональд Трамп 2025 жылдың қаңтар айында қызметіне кіріскен күні келісімнен шығу туралы жарлыққа қол қойды. Париж келісімі жаһандық жылынуды шектеуге және климаттың өзгеруінің ең апатты салдарының қаупін азайтуға бағытталған.

Келісімнен шығу АҚШ енді жылыжай газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелермен өзін байланысты деп есептемейтінін білдіреді. Америка тарапы халықаралық климаттық конференцияларға қатысуды да тоқтатады. Бұдан тыс, бұл қаулы ең аз дамыған елдерге климат өзгеріуінің салдарына бейімделу мен олардан қорғануға көмектесетін бағдарламаларды қаржыландырудың қысқаруына алып келуі мүмкін.

АҚШ Қытайдан кейін әлемде жылыжай газдардың шығарындылары бойынша екінші орында тұр. БҰҰ есептеулеріне орай, егер қазіргі жаһандық климаттық саясаты жалғаса берсе, XXI ғасырдың соңына қарай орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда шамамен Цельсий бойынша 2,8 градусқа көтерілуі мүмкін. Халықаралық ұйымдардың пікірінше, АҚШ-тың келісімнен шығуы бұл көрсеткішті шамамен Цельсий бойынша 0,1 градусқа арттыруы ықтимал.

Вашингтонның бұл шешімі экологиялық ұйымдардың сынына ұшырады. Greenpeace Deutschland ұйымының басшысы Мартин Кайсер АҚШ-тың шығуын халықаралық құқықтық тәртіпке «геосаяси от қою» деп атап, бұл мұнай және газ өнеркәсібінің мүдделеріне қызмет ететінін айтты. Оның сөзінше, Еуропа климаттық саясатын жалғастыру үшін жаңа одақтарды нығайтуы қажет, ал климаттық мақсаттардан бас тарту — «қате реакция» және «берілу» болады.

Бұл — Дональд Трамп кезеңінде АҚШ-тың Париж климаттық келісімінен екінші рет шығуы. Оның президенттігінің алғашқы мерзімінде де АҚШ келісімнен шыққан еді, алайда Жо Байден әкімшілігі тұсында қайта қосылған болатын. Биыл жылдың басында Трамп әкімшілігі БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясынан шығу және Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топқа қатысуды тоқтату ниетін тағы да мәлімдеді, деп хабарлады inform.kz.