Кейінгі үш жылда ақпараттық технологияларға көңіл бөлінгені өз жемісін беруде. Өткен жылы ІТ-парк тұрғындары 5 триллион сумға қызмет көрсетіп, 140 миллион доллардың қызметін экспорттаған.

Қолданыстағы 715 мемлекеттік қызметтің 370-і цифрлық платформаға көшіріліп, өткен жылы 12 миллион адам пайдаланған. Цифрландыру нәтижесінде тұрғындардың 70-тен астам ақпарат пен құжат түріне сұраныс күші жойылды.

Бірақ бұлар әлі жеткіліксіз. Сала мен өңірлерде атқарылатын жұмыстар көп. Атап айтқанда, министрліктердің 5 мың функциясының 30 пайызы ғана цифрландырылған. Халық көп жүгінетін ішкі істер, әділет, стандарт, денсаулық сақтау салаларындағы ондаған қызмет түрлері электронды түрге көшкен жоқ.

Ақпараттық технологиялар саласында өндірістің де, экспорттың да негізгі бөлігі Ташкент қаласына тиесілі. Қарақалпақстан, Бұхара, Наманган, Сұрхандария, Науаи және Ташкент облыстарындағы IT-парктердің құрылысы әлі аяқталмаған.

Жиында осындай кемшіліктер сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Алдағы уақытта Өзбекстанда ақпараттық технологиялар саласындағы қызмет экспортын 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Ол үшін кем дегенде 100 мың білікті бағдарламашы, IT-сәулетші, оператор мен инженерлер қажет. Өңірлерде жоғары жылдамдықты интернет желісін кеңейту керек. Шетелдік IT-компаниялардың өсуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау қажет. Азаматтар мен кәсiпкерлерге аса қажеттi жаңа электрондық қызметтердi iске қосу керек.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы мүмкіндіктерді көрсетті.

Ең алдымен Ташкент қаласында сынақтан өткен жобалар барлық облыстарда жүзеге асырылатыны анықталды. Атап айтқанда, астанада Цифрлы геопортал, Цифрлы тұрғын-үй коммунал, Халықтық бақылау сияқты жүйелер іске қосылған еді. Қала әкімшілігінде Цифрлық даму басқармасы құрылды. Енді бұл департамент Цифрлық технологиялар министрлігіне беріліп, Өзбекстанның барлық аймақтарында цифрландыруға жауапты болады.

Барлық бизнес-процестерді және халыққа ең қажетті қызметтерді толық цифрландыру және интеграциялау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Бір ғана мысал: бұрын мектептерде бір ғана оқушы базасы болмағандықтан сыныптар саны әр түрлі болатын. Өткен жылдың қыркүйегінде мектеп, балабақша, АХАЖ және ішкі істер органдарының ақпаратын үйлестіру нәтижесінде себепсіз ашылған 4 мың сынып қысқартылып, бюджеттен 350 миллиард сум үнемделген.

Мемлекет басшысы мұндай жұмыстарды басқа салаларда да жүргізуге болатынын атап өтті. Экономика және қаржы министрлігіне осы мақсаттарға қаражат бөлу, сондай-ақ цифрландыруға байланысты үнемделген қаражаттың жартысын министрліктер мен әкімдіктердің өзінде қалдыру тапсырылды.

Цифрлық технологиялар министрлігіне Бірыңғай мемлекеттік қызметтер порталына 26 ақпараттық жүйені біріктіру және ондағы қызметтердің санын 570-ке жеткізу міндеті жүктелді.

Цифрландырудан мақсатымыз не? Халықтың көңілінен шығу, адами құндылықты орнына қою, әділдікті қамтамасыз ету, – деді Шавкат Мирзияев.

Президент жастарды ақпараттық технологияларға үйретіп, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасап, өнімдерін өткізу нарығын құру қажеттігін айтты.

Осыған орай 1 сәуірден бастап «Электрондық үкімет», «Бизнеске арналған бағдарлама», білім саласы бойынша жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын республикалық байқаудың басталатыны жарияланды. Сондай-ақ, өңірлердегі жастар жасаған 50 үздік бағдарлама Цифрландыру қоры есебінен сатып алынады.

Кейінгі екі жылда Өзбекстанда 215 IT оқыту орталығы ашылды. Мұндай мекемелер мен олардың түлектерін қолдау үшін қаржылай ынталандыру қарастырылатыны айтылды. Атап айтсақ, экспорттаушы компанияларға жұмыс істейтін әрбір маман үшін 25 миллион сумға дейін, мүмкіндігі шектеулі жастарға 35 миллион сумға дейін субсидия бөлінеді. IT сертификаты бар жастарға жеке пластикалық картасына компьютер сатып алуға жеңілдікті несие беріледі.

«Бір миллион бағдарламашы» жобасы да өз жемісін берді. Қазіргі таңда ІТ-парктер мамандарының басым бөлігі осы бағдарлама бойынша білім алған жастар.

Енді «Coursera» платформасы арқылы жастарды оқыту кеңейтілмек. Олардың арасынан ең дарындылары іріктеліп, арнайы бағдарлама негізінде халықаралық IT-нарығына дайындалады.

Жиында саладағы экспортты арттыру мәселесі де сөз болды. Биыл бұл көрсеткішті 300 миллион долларға жеткізу көзделген.

Мемлекет басшысы шетелдік тапсырыстарды тарту үшін қосымша жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сондықтан IT паркте шетелдік компаниялар үшін Цифрлы қаржылық технологиялар орталығын құру міндеті қойылды.

Жиында қаралған мәселелер бойынша лауазымды тұлғалардың ақпараттары мен ұсыныстары тыңдалды.