Бұл бағытта желтоқсан және қаңтар айларында өткен жиындарда ауқымды міндеттер белгіленген болатын. Мемлекет басшысы: «2025 жыл – жұмыспен қамту мен кедейлікті азайтудың ең маңызды және шешуші жылы болады» деп атап өтті.

Атап айтқанда, биыл 5 миллион 200 мың адамды жұмыспен қамтып, 1,5 миллион адамды кедейліктен шығару, 42 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту және экспорт көлемін 30 миллиард доллардан асыру жоспарланған.

Жиында осы бағытта басталған жұмыстар мен алғашқы нәтижелер туралы ақпарат берілді.

Қаңтар айында 277 мың азамат жұмыспен қамтылған, оның ішінде 91 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан, 153 мыңы кәсіпкерлікке тартылған.

Кедейлікті азайту мақсатында 32 бағыт бойынша жаңа тәсілдер енгізілуде. Жуырда министрліктер мен әкімдіктер мамандарынан құрылған топтар Қытайға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Енді жергілікті мүмкіндіктер халыққа түсіндіріліп, табыс табуына көмек көрсетіледі.

Жұмыс орындары мен инвестициялар өзара тығыз байланысты. Биыл 14 миллиард долларлық 8 мың жоба жүзеге асырылып, 272 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Алғашқы есептеулер бойынша, өткен айда елге 3 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. Ақпан айында да дәл осындай көлемде инвестиция тарту және 623 жобаны іске қосу көзделіп отыр.

Жиында жобаларды нақты бағыттар бойынша қарқынды жүзеге асыру қажеттігі баса айтылды.

Жыл басынан бері экспорт көлемі 1 миллиард 300 миллион долларға жетті. Жауапты басшыларға шетелдік серіктестермен жұмыс істеп, кәсіпкерлерді сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу және жаңа кәсіпорындарды экспортқа тарту бойынша тапсырмалар берілді.