Әлеммен байланыс кеңейіп, инфрақұрылым дамыған сайын республикадағы туризм әлеуеті де артып келеді. Сол тартымды орындардың бірі – сөзсіз, Бостандық ауданы. «Чарвак» су қоймасы мен өзендері, қарлы таулары, жасыл алқаптары арқасында бұл жерде жылдың барлық маусымында демалу мүмкіндігі бар.

Мемлекет назарындағы қолдаудың арқасында соңғы жылдары Бостандықта көптеген жаңа туристік кешендер салынды. Атап айтқанда, «Амирсой» және «Бельдерсай-Чимён-Нанай» курорттары секілді ауқымды жобалар жүзеге асты. Кейінгі бес жылда бұл аймаққа 2 триллион сумнан астам инвестиция тартылып, 13 мыңнан астам орынға арналған 59 жаңа туризм нысаны пайдалануға берілді.

Мұндай нәтижелер шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырып, үлкен жобаларға жол ашуда. Мәселен, әзербайжандық кәсіпкер Эмин Агаларов бірқатар ірі халықаралық компаниялармен серіктестікте «Чарвак» су қоймасының маңында «Sea Breeze Uzbekistan» халықаралық туризм орталығын салу ниетін білдіріп отыр.

Жоба аясында демалыс орындары, жағажайлар, спорт кешендері, қонақүйлер, коттедждер мен тұрғын үйлер салынады. Халықаралық брендтердің дүкендері, мейрамханалар мен қызмет көрсету орталықтары ашылады. Түрлі фестивальдер, концерттер және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Екі жағаны байланыстыратын көпір салынып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалады. Бұл орталық болашақта бірегей туристік хабқа айналып, онда жыл бойы демалу және тұрақты өмір сүру мүмкін болады.

Мемлекет басшысы ұсынысты қолдап, жобаны халықаралық тәжірибе негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр басшылығымен комиссия құрылып, жобаның құқықтық негізін дайындау және инфрақұрылым мәселелерін шешу жөнінде тапсырмалар берілді.