Биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Конституциялық сот қызметінің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар шаралар орындалды. Атап айтқанда, 2021 жылы «Конституциялық сот туралы» заң жаңа редакцияда қабылданып, тиімді конституциялық бақылау жүйесі жолға қойылды.
Сонымен қатар Конституциялық соттың өз өкілеттіктерін толыққанды жүзеге асыруын қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болып, осы бағыттағы реформаларды жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап өтілді.
Таныстырылым барысында осы саладағы ұсыныстар қаралды.
Атап айтқанда, Конституциялық сот жыл сайын елдегі конституциялық заңдылықты нығайту бойынша ұсынатын ұсыныстар мен ұсынымдарды іске асырудың тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Бұл ретте Конституциялық сотта азаматтар мен кәсіпкерлердің өтініштерін қарау тәртіптері оңтайландырылып, артық кідірістерге жол бермеу шаралары енгізіледі.
Сондай-ақ «конституциялық шағым» институтының тиімділігін арттыру және өтініш берушілердің сот арқылы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында, егер сот ісінде қолданылған заң Конституцияға сәйкес емес деп танылса, тиісті сот актісін қайта қарау тәртібін енгізу ұсынылды.
Таныстырылымда Конституциялық сот қызметін цифрландыру арқылы халыққа қолайлы жағдай жасау мәселелері де талқыланды.
Атап айтқанда, Конституциялық сот отырыстарына қашықтан онлайн қатысу, сот отырыстарын интернет арқылы тікелей трансляциялау, министрліктер мен ведомстволар арасында электронды ақпарат алмасуды жолға қою жоспарланып отыр.
Конституциялық соттың халықаралық беделін арттыру, шетел мемлекеттерінің конституциялық соттарымен ынтымақтастықты нығайту қажеттігі де атап өтілді. Соттың Азия конституциялық соттары қауымдастығына төрағалығы аясында елімізде және шетелде бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Әділ сотты қамтамасыз етуге қатысты өзге де мәселелер, атап айтқанда, экономикалық және әкімшілік соттарды халық пен кәсіпкерлерге жақындату жолдары қаралды. Соның ішінде, аталған соттарға жүгіну кезінде экстерриториялық соттылықты автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы анықтау бастамасы ұсынылды.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, оларды сапалы әрі жүйелі түрде орындау жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.