Дүниежүзінде коронавирусқа шалдығу жағдайы 8 пайызға өсті, ал өлім көрсеткіштері күрт төмендеді

    Денсаулық 16 Mart 2022 1705

    Кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер жүзіндегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты кезектегі талдау есебін жариялады.

    Онда айтылуынша, өткен аптада әлемде коронавирусқа шалынған көрсеткіш 8 пайызға өскенін атап өтеді. Яғни, 7-13 март аралығында жалпы 11,4 миллионнан астам адам осы қауіпті инфекцияны жұқтырған.

    Ең қуаныштысы сол, COVID-19-дан өлім деңгейі төмендеуде. Мәселен, өткен аптада аурудың асқынуынан 44 мыңға жуық науқас көз жұмған. Бұл 28 февраль мен 6 март аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда 17 пайызға аз.

    Коронавирус инфекциясын жұқтыруға байланысты өсудің айтарлықтай динамикасы Тынық мұхитының батыс аймағындағы елдердің үлесіне тура келген - 29 пайыз! Африка құрлығында бұл көрсеткіш 30 пайыз болса, Еуропада бұл көрсеткіш 2 пайызды құрайды.

    Қалған аймақтарда ауру саны азайған. Әсіресе, Шығыс Жерорта теңізі аймағындағы елдерде айтарлықтай төмендеу тіркелді – 24 пайыз.

    Батыс Тынық мұхитында өлім көрсеткіші 12 пайызға өсті. Шығыс Жерорта теңізі аймағындағы елдерде керісінше 49%-ға, ал Африкада 41%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш Еуропада 23 пайызды, Оңтүстік және Солтүстік Америкада 15 пайызды құрады.

    Өткен аптада коронавирус нақтамасы қойылған науқастардың ең көп саны Корея Республикасында тіркелді - 2,1 миллион. Екінші орында 1,7 миллионға жуық көрсеткішпен Вьетнам мемлекеті тұр.

    Халқы 1,3 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған Германия үшінші орында тұр. Төртінші орынды 476 мыңға жуық науқаспен Нидерланды, бесінші орынды 419 мыңнан астам науқаспен Франция иеленді.

    Әлемде COVID-19-дан қайтыс болғандардың ең көп саны АҚШ-та тіркелді - 9 мың адам. Екінші орында – Ресей. Елде бір апта ішінде аурудан 4500-ден астам науқас қайтыс болды. Бразилияда бұл көрсеткіш 3,3 мыңды құрады.

    Сонымен бірге Индонезияда дерлік 2 мыңдай және Қытайда 1,9 мың науқас коронавирустың құрбаны болды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

    Бұл талдаулар әлемде індет әлі азаймағанын, бірақ оның асқынулары барған сайын әлсіретіп бара жатқанын көрсетеді.