Өзбекстанда автомобиль өнеркәсібінде мол тәжірибе мен инфрақұрылым бар. Бүгінде 8 зауыт жеңіл, жолаушылар мен жүк көліктерінің, ауылшаруашылық және арнайы техникалардың ондаған түрін шығарады. 2 мыңнан астам кәсіпорында кооперация негізінде жинақтаушы және қосалқы бөлшектер шығарылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында өткен жиында Мемлекет басшысы электромобильдердің өмірге қарқынды еніп жатқанына тоқталып, бұл саланы игеруді тапсырған болатын. Осы жылдың қаңтар айында Қытайға мемлекеттік сапары барысында Президент «BYD» компаниясының бас кеңсесінде болды. Осы компаниямен бірлесіп, Жызақ облысында гибридті және электромобильдерді құрастыру жобасы қолға алынды. Кәсіпорын басшысымен келіссөздер барысында жақын арада өндіріс қуатын жылына 500 мың бірлікке дейін ұлғайту жөнінде пікір алмасу өткен еді.

Заман талабы осы бағыт. Кейінгі үш жылда Өзбекстанда электромобильдер сатылымы 10 есеге өскен. 2023 жылы импортталған көліктердің 35 пайызы электромобильдер мен гибридті көліктер болды.

Сондықтан жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы белестерді көбірек қолға алып, жобаларды жеделдету жөнінде тапсырмалар берілді. «BYD» компаниясының серіктестері тартылып, электромобильдерге арналған бөлшектерді жергіліктендіру қажет екендігі айтылды.

Бұл жаңа салада бәсекеге қабілетті болу үшін ең алдымен инновациялар мен озық технологиялар қажет. Сондықтан Турин политехникалық институтын, инженерлік орталықтарды, ғылыми институттар мен зертханаларды байланыстыратын кешенді жүйе құру міндеті қойылды.

Сондай-ақ, бұл сала дамыған сайын мамандар мен жұмысшыларға сұраныс артады. Алдағы үш жылда бұл сұраныс 10 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан білікті кадрларды даярлауды қазірден қолға алу керектігі айтылды.

Электромобильдерді зарядтау станцияларын дамыту бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.