Өзбекстанда энергетика саласында 18 кешен іске қосылып, тағы 6 жобаның құрылысы басталды

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 13 желтоқсан күні жаңа энергетика қуат көздерін іске қосу және келесі кезеңдегі жобаларды салуға арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

    Бұл жағдай республикадағы энергетика жүйесінің тұрақтылығын арттыру мақсатында атқарылып жатқан кең ауқымды жұмыстардың жалғасы болды. Өткен жылдың желтоқсан айында 5 күн және 1 жел электр станциясы іске қосылған еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының аймақтарға сапарлары барысында көптеген жобалардың негізі қаланды.

    Кезекті іс-шарада жалпы құны 7 миллиард доллардан асатын 24 жоба дайындалғаны айтылды. Атап айтқанда, Бұхара, Науаи, Наманган және Ташкент облыстарында 2,3 мың мегаватт қуатқа ие 5 күн және жел электр станциясы мен 5 жоғары кернеулі қосалқы станция салынып бітті. Өзбекстанда алғаш рет Әндіжан мен Ферғана облыстарында 300 мегаватттық энергия сақтау жүйесі салынды. Қашқадарияда 400 мегаватттық электр станциясы, Ташкент қаласында заманауи когенерациялық құрылғы, сондай-ақ Әндіжан, Сұрхандария және Ташкент облыстарында 4 шағын гидроэлектр станциясы іске қосылуға дайын.

    Сонымен қатар, Ферғана, Самарқанд, Науаи және Ташкент облыстары мен Ташкент қаласында 2,5 мың мегаватт қуатқа ие 6 электр нысанының құрылысы бастау алдында тұр.

    Осы жаңа жобалар нәтижесінде алдағы жылдары қосымша 9,5 миллиард киловатт-сағат электр қуаты өндіріліп, 2,5 миллиард текше метр табиғи газ үнемделеді. Сондай-ақ, 4,6 миллион тонна зиянды газдардың шығарылуының алды алынады.

    Ең бастысы, 4 миллионнан астам шаңырақ үздіксіз таза энергиямен қамтамасыз етіледі. Бұл экономикадағы басқа салаларда қосымша 4 миллиард долларлық қосымша құн жасауға серпін береді.

    Жалпы алғанда, Өзбекстанда келесі жылы 84 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілмек. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 25 миллиард киловатт-сағатқа немесе 1,5 есе көп.

    Салтанатты шарада Президент Шавкат Мирзиёев сөз сөйлеп, бұл жобалардың барлығы шетелдік тікелей инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті. Осыған байланысты Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Қытай және Германия компанияларына, сондай-ақ Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банкке ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

    Республикада жеке секторға кең мүмкіндік берілгені арқасында кейінгі 5 жылда энергетика саласына шамамен 20 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұрын толықтай мемлекеттік басқаруда болған бұл жүйеде 24 тәуелсіз энергия өндіруші өз жұмысын бастады.

    Атап айтқанда, «жасыл энергетика» саласында 3,5 мың мегаватт немесе 10 миллиард киловатт-сағат электр қуатына тең 16 ірі күн және жел электр станциялары іске қосылды. Нәтижесінде биылғы жылы энергия жүйесінде «жасыл энергияның» үлесі 16 пайыздан асты.

    Айта кету керек, өткен жылы елдің жалпы ішкі өнімі алғаш рет 100 миллиард долларлық тарихи межеден асты. 2030 жылға қарай экономиканың көлемін 200 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.

    Бұл алдағы 5 жылда елдегі электр энергиясына деген сұранысты қазіргі деңгейден 1,5 есе арттырады. Сонымен қатар, Париж келісімі аясында 2030 жылға дейін зиянды газдар шығарындыларын 35 пайызға қысқарту көзделген.

    Осыған орай Мемлекет басшысы энергетика саласындағы алдағы жоспарларға тоқталды.

    Біріншіден, 2030 жылға дейін 19 мың мегаватт «жасыл қуат» іске қосылып, жаңартылатын энергия үлесі 54 пайызға жеткізіледі. Атап айтқанда, 2025 жылы 3,4 мың мегаватттық 18 күн және жел электр станциясы мен 1,8 мың мегаватттық сақтау жүйелері іске қосылады. Нәтижесінде келесі жылы 12 миллиард киловатт-сағат «жасыл энергия» өндіріледі.

    Сондай-ақ, келесі екі жылда 2 мыңнан астам шағын және микро ГЭС құру бағдарламасы жүзеге асырылады.

    Екіншіден, электр энергиясы нарығы еркіндікке көшеді. Атап айтқанда, келесі жылы электр энергиясының көтерме нарығы бәсекелі сауда арқылы іске қосылады.

    Тарату желілерін модернизациялау үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 4 миллиард доллар инвестиция тартылады. Бұл ретте Самарқанд аймақтық электр желілерін жеке басқаруға беру бойынша алғашқы жоба әзірленіп, халықаралық тендер жарияланды.

    Үшіншіден, «жасыл энергетика» саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастық кеңейеді. «COP29» аясында Қазақстан, Әзербайжан және Сауд Арабиясымен «жасыл энергияны» Еуропаға экспорттау туралы келісімге қол қойылды.

    Орталық Азия электр энергиясын өндіру үшін бір уақытта күн, жел, су сияқты табиғи ресурстар бойынша үлкен әлеуетке ие. Бұл салада аймақтық энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көрші елдермен бірегей платформа іске қосылады.

    Төртіншіден, «жасыл энергетика» экономиканың дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда жаңа қозғаушы күшке айналып отыр. Атап айтқанда, халық пен кәсіпкерлер жылына 1,5 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіретін 1 мың мегаватт күн панельдерін орнатты. Мұндай жұмыстар жүйелі түрде ынталандырылып, дуальды білім беру негізінде мамандар даярланатыны айтылды.

    - Бүгінгі шара еліміздің энергетика тарихында жаңа парақ ашады. Бұл жобалар арқылы біз тек экономикалық өсімге ғана емес, келешек ұрпақ үшін жасыл және тұрақты Өзбекстанның негізін қалаймыз», – деді Шавкат Мирзиёев.

    Рәсімде Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика және инфрақұрылым министрі Суһайл бина Мұхаммад әл-Мазруий, Түркия Республикасының энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар, Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика министрі ханзада Абдулазиз бин Салман Әл-Сауд сөз сөйледі.

    Президент Шавкат Мирзиёев символикалық түймені басып, 18 кешеннің жұмысын және 6 жобаның құрылысын бастап берді.

    No date selected
    February 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    Use cursor keys to navigate calendar dates