Ана  сүті - нәресте үшін мықты тағам. Оның құрамында жүзден астам емдік микроэлементтер бар. Сонымен қатар, ол иммуноглобулинге бай. Баланы түрлі инфекциялардан қорғайды, иммунитетті нығайтады.

Дегенмен, мамандардың  пікірінше, соңғы жылдары баланы ана сүтімен азықтандыру көрсеткіші төмендеп бара жатқанын айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазір әлемде алты айға дейінгі балалардың тек 44 пайызы ғана ана сүтімен азықтандырылады. Соңғы жиырма жыл ішінде емшек сүтінің орнын басатын жасанды  өнімдерді сату көлемі шамамен екі есеге жуық өскен.

Сонда мұның себебі неде?

Басты мәселе – әлемде сәбилерге арналған жасанды сүт өнімдерінің жарнамасы және маркетингіне басымдық берілгендіктен, дейді сарапшылар.

Мысалы,  «Сіз балаңызға бұдан да құнарлырақ тағам таба алмайсыз» деген мазмұндағы жарнамаға байланысты бір топ ата-аналар баласын емізуден бас тартып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің ынтымақтастығында дайындалған бірлескен мәлімдемеде әлемнің  сегіз елінде жасайтын 8500 жүкті және бала емізетін әйел мен 300 медицина қызметкері арасында өткізілген  зерттеу нәтижелері жарияланды.

Онда белгілі болғандай, мұндай жасанды тамақтарды өндірушілер өздерінің коммерциялық мүдделерін көздеп, БАҚ және әлеуметтік желілерде тартымды жарнамалар берумен шектеліп қалған жоқ.  Сонымен қатар дәрігерлерді де материалдық мүдделілік жолына тартуда.

 Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі ана сүтінің орнын басатын өнімдер медицина мамандары тарапынан ұсынылғанын айтты.

«Нәрестелерді ана сүтімен азықтандыру баланың дені сау болып өсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар болашақта түрлі аурулардың қаупін азайтады», - делінген біріккен мәлімдемеде.

Сондықтан ДДСҰ сәбилерді алты айға дейін тек ана сүтімен азықтандыруды, ал екі жасқа дейін емізуді тоқтатпай қосымша тамақтандыруды ұсынады, деп хабарлайды  Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2019 жылғы 23 октябрьде қабылданған «Ана сүтімен азықтандыруды қолдап-қуаттау және нәрестелер мен жас балалардың азық-түлік өнімдеріне қатысты талаптар туралы»  Өзбекстан Республикасының Заңына сәйкес, елімізде ана сүтін алмастыратын өнімдерді жарнамалауға тыйым салынған.