Франция, Италия, Испания, Жапония, Қытай сияқты елдерде де өзбек ұлттық киімдері, сондай-ақ атлас пен адрастан тігілген әдемі көйлектер, өзбек бас киімі доппыға сұраныс үлкен.
Гүлістан қаласындағы Кәсіпкерлер мен қолөнершілер орталығында Сән үйінің ашылу салтанаты мен «Ұлттық киімдер» байқауы өтті. Оған Сырдария облысының аудан-қалаларынан жиырмаға жуық модельер, дизайнер және кәсіпкер әйелдер қатысты.
- Бүгінгі байқау мен үшін үлкен мектеп болды, - дейді Ширин қаласынан келген қолөнерші Мутабар Андаева. – Тәжірибелі, білікті дизайнерлер мен модельерлердің бір-бірінен тамаша жасаған көйлектерін көргенен кейін тың идеялар туды. Бұл идеяларды алдағы уақытта киімімде міндетті түрде көрсететін боламын.
«Ұлттық киімдер» байқауына қатысқан бірқатар модельдер, дизайнерлер мен іскер әйелдер Ташкент тоқымашылық және жеңіл өнеркәсіп институтында ұйымдастырылған «Өзбек ұлттық киімдеріне деген сүйіспеншілікті арттыру және киім-кешек мәдениетін жетілдіру» бойынша оқу-семинар-тренингтерде шеберліктерін шыңдап келген, - деп хабарлайды Сырдария облыстық Отбасы және әйелдер басқармасының баспасөз қызметі.