Мемлекет басшысының қазан айында қабылданған «Жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы мен «Жасанды интеллект технологияларын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясын бекіту туралы» қаулысы аясында қажетті инфрақұрылым құру және кадрлар даярлау үшін барлық жағдай жасалды.

Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі стратегия бекітіліп, Цифрлық технологиялар министрлігі жанынан арнайы орталық құрылды. Жасанды интеллект технологияларын қолдану үшін қажет есептеу инфрақұрылымы жасалып жатыр. Соған қатысты, АҚШ-тың Nvidia компаниясымен бірлесіп суперкомпьютер кластерін іске қосу жобасы жүзеге асырылуда. Медицина саласында жасанды интеллект бойынша 5 жоба енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен инсульт пен сүт безі қатерлі ісігін анықтау арқылы диагностика уақыты 80 пайызға қысқарып, өмірге қауіпті жағдайлар ерте анықталып отыр.

Президент бұл жағдайды тағыда жетілдіріп, жасанды интеллект көмегімен диагностика жасау мүмкін болған аурулар түрін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты шетелдік серіктестермен бірлесіп, республикалық мамандандырылған медициналық орталықтарда бауыр, өкпе және простата қатерлі ісігі, инфаркт және күрделі сүйек сынуларын анықтауда медициналық кескіндерді жасанды интеллект арқылы талдау жүйелерін енгізу жоспарланған.

Келер оқу жылынан бастап мектеп, техникум және жоғары оқу орындарында оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект негіздері оқытылады. Осы мақсатта информатика мұғалімдері даярлануда. Алайда тек оларды ғана емес, бүкіл мектеп ұжымын жасанды интеллектті қолдануға үйретіп, мұғалімдердің жүктемесін азайту керектігі айтылды. Осылайша мұғалімнің өз білімін жетілдіруге көбірек уақыт арнауға болатыны айтылды.

Таныстырылымда бұл бағыттағы жаңа тәсілдер қарастырылды.

Атап айтқанда, мектеп білімі үшін жасанды интеллектке негізделген платформаны енгізу ұсынылды. Бұл жүйе мұғалімнің виртуалды көмекшісін әзірлеуді және оны платформаға интеграциялауды көздейді. Мұндай шешім мұғалімдерге тақырыпқа байланысты дәріс мәтіндерін, презентацияларды, тесттерді, сабақ жоспарларын әзірлеуде, сондай-ақ емтихан үдерісін бақылауда көмектеседі.

Жиында әкімдердің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі кеңесшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы туралы ақпарат берілді.

Көлік саласында да жасанды интеллект жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Мәселен, жасанды интеллект көмегімен жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтау, вагондардың техникалық жағдайын бақылау арқылы темір жолдағы апат қаупін азайту бойынша ұсыныстар таныстырылды.

Бұдан бөлек, ғарыш технологиялары бағытында жаңа бастамалар әзірленген. «Samarqand-2028» жасанды жер серігін жасау жұмыстарының барысы қаралды. Жерді қашықтан зондтауға арналған бұл аппарат үшін жасанды интеллект модулі әзірленіп жатыр. Спутник түсірген суреттерді ауа сапасын бастапқы бағалауда, ауыл шаруашылығы егіндері мен ормандарды мониторингте қолдануға болады.

Таныстырылым соңында Мемлекет басшысы қаралған жобалардың жүзеге асырылуын жеделдету, жасанды интеллект технологияларын экономиканың барлық салаларында және әлеуметтік бағыттарда кеңінен қолдану жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.