Биылғы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ел экономикасы болжамнан әлдеқайда жоғары қарқынмен – 7,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп көлемі 6,8 пайызға, құрылыс саласы 14,2 пайызға, қызмет көрсету 14 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,1 пайызға артты.
Алтын-валюта қоры өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға көбейіп, 55 миллиард долларға жетті. Белгілі халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің экономикалық келешегін жоғары бағалап отыр. «Fitch Ratings» алғаш рет Өзбекстанның егемен рейтингін бір сатыға көтерсе, «Moody’s» пен «S&P Global» өз бағаларын «тұрақтыдан» «оңға» өзгертті.
– Ең бастысы, қол жеткізілген нәтижелер халық әл-ауқатының артуына қызмет етуде, – деді Мемлекет басшысы.
Халықтың табысы 18,4 пайызға, депозиттер 35,3 пайызға, ал орташа еңбекақы 19,2 пайызға өсті. Сауалнамалар тұрғындар мен бизнес арасында сенімнің күшейгенін, жаңа жұмыс орындары мен табыс көздерінің көбейгенін көрсетіп жатыр.
Президент жыл соңына дейін осы жоғары өсім қарқынын сақтап, ішкі жалпы өнім көлемін 135 миллиард доллардан асыру экономикалық блоктың басты міндеті болуы тиіс екенін атап өтті.
Сыни тұрғыда өткен жиналыста келесі жылға арналған негізгі жоспарлар қарастырылды.
Жауапты азаматтар алдағы жылы 6,6 пайыздық өсім қарқынын қамтамасыз ету, ішкі жалпы өнімді 150 миллиард доллардан асыру, экономикаға барлық көздерден кемінде 400 триллион сум бағыттау және инфляцияны 7 пайыздан аспайтын деңгейде ұстап тұру болжамы бойынша ақпарат берді.
Мемлекет басшысы бұл мақсаттарға жету үшін барлық мүмкіндік пен жағдай бар екенін айтып, әр министрлік пен аймақ басшылары ерекше назар аударуы тиіс маңызды мәселелерді атап өтті.
2026 жылғы бюджет жобасында негізгі салық мөлшерлемелері өзгеріссіз қалатынына қарамастан, бюджет кірістерін жүйелі түрде арттырып, шығындардың тиімді жұмсалуына қатаң бақылау орнату қажеттігі айтылды.
Президенттің айтқанындай, келесі жылы шығындарды қысқарту және тиімділікті арттыру барлық деңгейдегі басшылар үшін басты өлшемге айналмақ.
Бұл бағытта стратегиялық салаларда өнімнің өзіндік құнын азайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жеке сектордың үлесін кеңейту, мемлекеттік кәсіпорындардың дивиденд саясатын реттеу, субсидиялар мен жеңілдіктердің тиімділігін талдап, нәтижесі төмендерін жою, көлеңкелі экономиканы азайту, аудан және қала бюджеттерінің кірісін ұлғайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Халықаралық қаржы ұйымдары қаражатымен жүзеге асып жатқан жобаларды жеделдету және бұдан былай бар жобалар толық аяқталғаннан кейін ғана жаңа бастамаларға қаржы тарту жүйесіне көшу қажеттігі айтылды.
Министрліктер мен ведомстволардың бюджеттен тыс қорларында жиналған қалдықтардың жартысын арнайы қорға аударып, бұл қаражатты мектеп құрылысына және денсаулық сақтау саласына бағыттау тапсырылды.
Жиында талқыланған мәселелер негізінде 2026 жылғы Мемлекеттік бюджеттің негізгі бағыттары айқындалды.









