Енді 1 июнь күні – төрт жасар Шукрона үшін балаларды қорғау күні ғана емес, оның екінші туылған күні болды.
Өйткені, бұл күні Самарқант қаласындағы мектептердің бірінің 11-сыныбын бітіріп жатқан Шахрух, Мұрат, Азод және Жасур үшін күрделі кезең – мемлекеттік емтихан тапсыру уақыты басталған еді. Олар алғашқы емтиханды тапсырып, серуендеуге бел буып, қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің жанындағы орындыққа отырып, әңгіме-дүкен құрды. (Жігіттер бұл күні тағы бір қиын емтихан күтіп тұр деп ойламаған да шығар).
Кенеттен олар көпқабатты тұрғын-үйдің төртінші қабатындағы болып жатқан жағдайға назарын аударды. Мұқият қараған жігіттер басы темір тордың арасында тұрып, денесі сыртта салбырап тұрған кішкентай қызды көрді.
Оқушылардың бірі қыздың ата-анасына хабарлау үшін дереу пәтерге жүгірсе, қалған үшеуі қолдарын созып, қыз ілулі тұрған балконның астынан құтқару үшін әрекет етті.
Жолдастардың бірі баспалдақпен жүгіріп келе жатқанда, кішкентай қыз құлады. Жігіттер оны қағып үлгерді. Белгілі болғандай, анасы үй шаруасымен айналысып жатқанда Шукрона (атын кейінірек білген) есік құлпы сынған балконға шығып кеткен екен.
Қыздың маңдайы кішкене жарылып, жеңіл жарақат алды. Ол емханада жатқанда төрт қаһарман одан әр күні хабар алып тұрды. Қазіргі уақытта Шукрона өзін жақсы сезінуде.
Біздің қаһармандарымыз – Шахрух Боборахимов, Мұрат Сайдалимов, Озод Уткиров және Жасур Эшназаровтар мектепте қалған емтихандарды тапсырып, жоғары оқу орындарына түсуге дайындалуда.
Ең бастысы, олар өмірлерінің ең маңызды сынағынан өте жақсы бағамен өтіп, Шукронаны құтқарып, оның нағыз қамқоршы періштелеріне айналды!