Кейінгі жылдары махалла институтын реформалау, оны халық өміріне жақын және тиімді жүйеге айналдыру жолында кең ауқымды жұмыстар атқарылды.
Махаллаларда «жетілік» жүйесі енгізіліп, несие, субсидия, компенсация және материалдық жәрдем секілді 100-ден астам қызмет түрі махалла деңгейінде көрсетіле бастады. Нәтижесінде 7,5 миллион азамат кедейліктен шығып, жұмыссыздық екі есеге қысқарды. Сонымен қатар, 3,5 мың махалланың бейнесі заманауи келбетке енді.
Махалла төрағаларының өкілеттік мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. Олардың басшылығымен «жетілік» тікелей жүйесі құрылып, жеткілікті жағдай, ресурс және өкілет берілді. Әр махалладағы мүмкіндіктерді жобаларға айналдыру және жұмыс орнын ашу үшін оларға банкирлер мен салық қызметкерлері бекітіліп, инфрақұрылымға арнайы қаражат жұмсалып жатыр.
Мемлекет басшысы осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жоғары нәтиже көрсетіп отырған махаллалар көп екенін, алайда кейбір жерлерде біртұтас жұмыс жасай алатын жүйе қалыптаса қоймағанын атап өтті.
– «Нарин» ауданындағы «Шурариқ» махалласында болғанымда, облыс әкімдері мен басқару деңгейіндегі жетекшілер «жетіліктің» жұмыс тәжірибесін жақсартып, олардың сапасы мен құзыретін арттыруға баса көңіл бөлуі керектігін айттым, – деді Президент.
Өткен аптада қол қойылған қаулыға сәйкес, «Жаңа Өзбекстан» рухын енгізу қажет болған 33 аудан және 330 жағдайы ауыр махалла анықталды.
Осы аудандардың әрбіріне 100 млрд сумнан, әр махаллаға 5 млрд сумнан қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк пен Ислам даму банкінің 100 млн долларлық қаражаты да осы мақсаттарға жұмсалады. Одан тыс, «драйвер» жобалардың инфрақұрылымы үшін тағы 2 трлн сум бөлінбек.
Жалпы бұл бағдарламаны қаржыландыру үшін 7 трлн сумнан астам қаражат жұмсалатыны айтылды.
Облыс әкімдерінің әрқайсысы екі, аудан әкімдері бір жағдайы ауыр махалланы белгілеп, оларға 5 млрд сумнан бөлуі қажет. Сонымен қатар, тағы 236 махаллада тұрғындардың өмірінде айқын өзгеріс болуы тиіс екені аталып өтті.
Бір ай бұрын қабылданған «Бастамашыл бюджет» жөніндегі жаңа қаулы бойынша, тұрғындардың өз бастамасымен жол, су, мектеп, балабақша жөндеуді бастаған жобаларына мемлекет шығынның жартысын өтеу арқылы көмек көрсетеді. Келер жылы осындай мың жобаға 500 млрд сум бөлінеді.
Президент тағы бір жаңалық жайлы мәлімдеді. Биылдан бастап Салық комитеті жер мен мүлік салығын төлеу деңгейіне қарай «Ең жақсы салық төлеуші махалла» рейтингін жариялайды.
Рейтингтің жүздігіне енген махаллаларға «Бастамашыл бюджет» жүйесі бойынша инфрақұрылым шығынының 75 пайызы бюджеттен өтеледі және әрқайсысына қосымша 2 млрд сумнан бөлінеді.
Заң шығару палатасының депутаттарына өз округтеріндегі махаллалардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында әрқайсысына 3 млрд сумнан қаражат беріледі.
Махалла аумағында санитария, экология және заңсыз құрылыс бойынша салынған айыппұлдардың 10 пайызы сол махалла бюджетіне түсетін болады. 2026 жылдан бастап махалла бюджеттеріне жыл сайын 200 млрд сум аударылады.
Жалпы, осы көздер есебінен келесі жылға 2 мың махаллаға қосымша 8,5 трлн сум бөлінеді.
Аудан әкімдерінің осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, «махалла жетілігімен» жаңа көзқарас негізінде жұмыс істеуі қажет екені атап өтілді.
Мысалы, «Нарин» ауданындағы «Шурариқ» махалласы өз маңайындағы тағы алты махаллаға қызмет көрсететін орталыққа айналып отыр. Бұл бастама кәсіпкерлерді шабыттандырып, ондаған іскер адам түрлі жобаларды ұсынды. Махаллаларға архитекторлар мен урбанистердің тартылуы нәтижесінде жеті махалланың келбетін түбегейлі жаңартуға мүмкіндік туды.
Облыс, аудан және қала әкімдеріне Реформалар штабымен бірлесе отырып, алғашқы кезеңде 33 аудан мен 330 махаллада дәл осындай тәсіл негізінде жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
Жиында махаллаларда кәсіпкерлік жобаларын кеңейту мәселелері де қаралды.
Барлық махаллада мамандандыруды толық аяқтау қажеттігі айтылды. Ол үшін тұрғындармен жүздесіп, олардың әлеуетіне сай нақты бағытты айқындау және кем дегенде 200 мың адамды жұмыспен қамтитын шағын жобалар жүйесін қалыптастыру міндеттелді.
Махаллаларға көлемі 2 мың шаршы метрге дейінгі бос мемлекеттік нысандарды аукцион арқылы сатуға рұқсат берілді. Енді махалла төрағасы мен әкімнің көмекшісі көлемі 5 мың шаршы метрге дейінгі бос мемлекеттік мүлікті аукционға шығара алады. Сатудан түскен қаражаттың 70 пайызы сол махаллада қалады және ол инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Сонымен қатар, махалла ғимараттарын заманауи сервистік орталықтарға айналдыру үшін кәсіпкерлерге қосымша жеңілдіктер қарастырылады.
Атап айтқанда, қала және облыс орталықтарында кәсіпкерлер тұрғызған, төменгі қабатында «махалла жетілігі» орналасатын ғимараттар 3 жыл мерзімге жер және мүлік салығынан босатылады. Ауылдық жерлерде бұл жеңілдіктер 7 жылға дейін беріледі. Мұндай нысан иелері осы мерзім ішінде пайда және айналым салығын 50 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша төлейді.
Жиында махаллалардағы әлеуметтік ахуал мен жастар тәрбиесіне байланысты бірқатар өзекті мәселелер де талқыланды.
Мысалы, отбасылардың ажырасуы, алимент төлеуден жалтару, отбасын және балаларын несие қарызымен тастап кету жағдайлары, жақын туыстар арасындағы және ерте некелердің теріс салдары әкімдерді, «жетілік» мүшелерін, ақсақалдарды және бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс екені айтылды.
Отбасы құру – бұл тек өзіне ғана емес, жұбайы мен балалары алдындағы үлкен жауапкершілік екені жастарға түсіндіріліп, ажырасу кезінде, әсіресе, балалардың ауыр материалдық жағдайға түспеуі үшін неке шартының артықшылықтарын насихаттау қажеттігі баса айтылды.
Кейбір махаллаларда, көшелер мен құрылыс маңайларында, арықтар мен саябақтарда тазалық талаптарының сақталмай отырғаны сынға алынды. Осыған байланысты ел көлемінде «Тазалық және ұқыптылық айлығы» жарияланып, әр аудан мен қала әкімдеріне және абаттандыруға жауапты орынбасарларға нақты тапсырмалар берілді.
Енді егер «жетілік» пен махалла тұрғындары көгалдандыру бастамасын көтерсе, аудан әкімі оларға 10 сотыққа дейін жер телімін бөліп береді. Әкімдер мен «жетілікке» бұл жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту, ал егер бұл жерлер басқа мақсаттарға берілсе, заң үстемдігі мен жазаның бұлжымайтыны туралы ескерту жасалды.
Жауапты тұлғаларға «жетіліктің» жұмысын кешенді бағалайтын жүйені іске қосу тапсырылды.
Аудан әкімдері жыл қорытындысы бойынша үздік жұмыс көрсеткен 10 «жетілік» ұжымын марапаттап, оларға қосымша үстемақы беруді жолға қояды. Бұдан былай «жетілік» мүшелерімен әр бағыт бойынша жеке жиналыс өткізуге тыйым салынды.
– Реформаларымыздың негізі саналатын әрбір махаллада «Жаңа Өзбекстан» рухын қалыптастыру, ең алдымен, «махалла жетілігінің» біртұтас ұжым болып жұмыс істеуіне тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында жауапты басшылар мен өңірлер жетекшілерінің баяндамасы тыңдалып, махалла төрағаларымен сұхбат өтті.