Қазіргі әлемдік тұрақсыз жағдайларда әрбір ел ең алдымен ең көп жұмыс орындарын құратын салаларды қорғауға күш салып жатыр. Өзбекстанда тоқыма, құрылыс материалдары және жиһаз жасау – дәл осындай салалар. Бұл салаларда шамамен 1 миллион адам еңбек етуде.
Өткен 4 айда еліміздің өнеркәсіп өндірісі 6,3 пайызға өсіп, 290 триллион сумға жетті. Экспорт 20 пайызға артып, 6 миллиард 350 миллион долларды құрады.
Жиында жергілікті өнеркәсіпті қолдау және дамыту мәселелері талқыланды. Ахуал аудандар мен салалар кесімінде талданып, кемшіліктер атап өтілді.
Мысалы, тоқыма саласында 7 мыңға жуық кәсіпкер 500-ден астам өнім түрін шығарып жатыр. Кейбіреуі танымал брендтерге киім жеткізуде.
Алайда көпшілігі сапалы өнім шығарып жатса да, мұны дәлелдейтін халықаралық сертификаты жоқ. Қазіргі кезде тек 244 кәсіпорында халықаралық сертификат бар, олардың басым бөлігі Ташкент пен Ферғана аймағында, ал басқа өңірлерде өте аз.
Өзбекстан Президентінің жарлығына сәйкес, тек халықаралық сертификат алу ғана емес, оған бейімделу шығындарын өтеу де көзделген. Осы мүмкіндікті кәсіпкерлерге жеткізіп, әр облыста халықаралық сертификаты бар кәсіпорындар санын көбейту міндеті қойылды.
Мемлекет басшысы маңызды бастама көтерді – Өзбекстанда Ұлттық брендтерді қолдау компаниясы құрылады. Оған шетелден бренд-менеджерлер, дизайнерлер, маркетологтар тартылады. Олар ұлттық брендтеріміздің әлемдік нарыққа шығуына көмектеседі. Халықаралық сертификаты бар, бәсекеге қабілетті өнімдерге сапа белгісі беріліп, әлемде кеңінен насихатталады.
Республикада ұлттық өнімдер сатылатын бір орталықтандырылған сауда орындары жоқ. Сондықтан енді өңірлерде «Mall of Uzbekistan» кешендері салынады. Мұндағы дүкендер кәсіпкерлерге арзан жалға беріледі. Бұл орталықтар тұтынушылар үшін де, шетелдік туристер үшін де ыңғайлы болады.
Қазіргі күрделі жағдайларда бар шикізатты терең өңдеп, қосылған құнды арттыру – басты мәселе. Осы мақсатта дайын өнім өндірушілер үшін факторинг жүйесі енгізілді, оған 100 миллион доллар бөлінді.
Сонымен қатар, енді тоқыма кәсіпорындары иірілген жіпті факторинг арқылы жеңіл тәртіппен сатып ала алады.
Жергілікті өнеркәсіптегі тағы бір әлеуетті бағыт – жиһаз өндірісі. Бұл салада 7 500 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде 920 жаңа кәсіпорын ашылған. Салада 6,7 трлн сумдық өнім өндіріліп, 20 миллион долларлық экспорт жүзеге асқан.
Кәсіпкерлеріміз бұдан да көпке қабілетті. Сондықтан үйде шағын өндіріс ашқысы келетіндерге жағдай жасалады.
Енді 5 адамға дейін жұмысқа алғандарға жеке кәсіпкер ретінде жиһаз өндіруге рұқсат беріледі. Мұндай іс бастағысы келетін жастарға 7 жылға дейін 5 миллиард сумға дейін 18 пайыздық несие беріледі.
Жиһаз өндірісіне маманданған «Шароф Рашидов», «Жаңа Наманган», «Пастдарғом», «Орта Шыршық», «Қува», «Бувайда», «Юнусабад» және «Учтепа» аудандарында «Хонқа» тәжірибесі негізінде жиһаз орталықтары құрылады.
Саладағы шағын бизнес өкілдері шетелден материал әкелуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Оларға көмек ретінде ағаш пен ағаш материалдарын орталықтандырылған түрде әкелу жолға қойылады. Бұл жерде монополияға жол берілмейді, керісінше нарықтағы таңдау мүмкіндігі артады. Кәсіпкерлер өз бағасына қарай арзан ағашты не басқа жеткізушіден сатып ала алады немесе шетелден өзі әкелу құқығына ие болады.
Сонымен қатар, 14 түрлі шикізат, фурнитура және аксессуарлар үшін 3 жылға импорттық баж салығы 1 пайыз болып бекітіледі.
Экспорттық қызметті қолдау мақсатында жиһаз өндірушілерге халықаралық сертификат алу шығындарының, сондай-ақ шетелден тартылған дизайнер, маркетолог және инженер-технологтардың жалақысының 50 пайызы өтеледі. Халықаралық көрмелерде жалдау ақысы өтелетін аумақ қазіргі 20 шаршы метрден 40 шаршы метрге дейін ұлғайтылады.
Елімізде ежелден бағаланған зергерлік іс бүгінде экономиканың қосымша қозғаушы күшіне айнала алады. Өткен жылы бұл саладағы өндіріс көлемі 200 миллион доллардан асып, экспорт 17 пайызға артып, 92 миллион долларға жеткен.
Алайда бұл жылына 100 тоннадан астам алтын өндірілетін Өзбекстан үшін әлеуеттің тек бір бөлігі ғана. Сондықтан бұл салада да қосымша жеңілдіктер енгізілді.
Енді зергерлер де жеке кәсіпкер ретінде алтын бұйымдарын сата алады. Шетелден маман шақыру шығынының 2,5 мың долларына дейінгі бөлігі, егер кемінде 5 шәкірт тәрбиелесе, өтелетін болады.
Бұл салада да өнеркәсіптік тәсілге көшу және ұлттық брендтерді қолдау шаралары жүзеге асырылады. Атап айтқанда зергерлік бұйымдар өндірісінде қолданылатын құрал-жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектері кедендік баждан босатылады. Науаи мен Алмалық тау-металлургия комбинаттарынан алтынды бөліп төлеу арқылы сатып алу тәртібі тағы 3 жылға ұзартылды. Танымал брендтермен серіктестік орнатып, олардың дизайны мен қалыптарын әкелу шығынының 30 мың долларына дейінгі бөлігі өтеледі.
Түркия, Дубай және Мысыр тәжірибесі негізінде Ташкент, Әндіжан және Хиуада зергерлік орталықтар ашылды. Енді мұндай кешендер басқа өңірлерде де кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.
Зергерлерді тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында, биыл биржаға шығарылатын алтын көлемі 6 тоннадан 8 тоннаға дейін көбейтіледі. Барлық өңірлерде алтын қоры жасақталады.
Бұған жауап ретінде салада көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, заңды қызметті ынталандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Құрылыс қарқыны жоғары елде құрылыс материалдарына сұраныс та артуда. Қазіргі таңда бұл салада 10 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ендігі маңызды міндет – сапа мен сұранысқа ие өнім өндіруді қамтамасыз ету.
Сондықтан құрылыс жұмыстары кезінде отандық материалдарды кеңінен пайдалану, девелоперлерге айналым қаражаты үшін несие беру арқылы қолдау көрсету қажеттігі атап өтілді.
«Ашық құрылыс» платформасында құрылыс материалдары өндірушілерінің тізімі жасалып, олардың сапа рейтингі жүргізілетін болады.
Өнімнің өзіндік құнын төмендетуде энергия үнемдеу – өзекті мәселе. Сондықтан энергия мен ресурстар шығыны жоғары бағыттарды сараптап, үнемді инновациялық шешімдерді енгізу қажет екені айтылды.
Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша сала басшылары мен кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды.









