2023 жылы Өзбекстанда экономикалық өсім 6 пайызды құрады. Атап айтқанда, өнеркәсіп 6 пайызға, қызмет көрсету 6,8 пайызға, құрылыс 6,4 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,1 пайызға өсті.
Биыл жалпы ішкі өнім көлемін кем дегенде 6 пайызға арттырып, 100 миллиард долларға жеткізу көзделуде. Жиында осыған байланысты міндеттер мен қажетті шаралар талқыланды.
Мемлекет басшысы бұл үшін ең алдымен ірі реформаторлар саналатын шаруашылық кешенінің қызметкерлері қажырлы еңбек ету керектігін қадап айтты.
Мәселен, жалпы өнеркәсіптің өсуімен өндірістегі қосымша құн 40 пайыздан аспай тұр. Бұл негізінен импортқа тәуелділік, жоғары энергия тұтыну және шамадан тыс шығындармен байланысты.
Сондықтан экономикалық кешен басшылары мен барлық мемлекеттік кәсіпорындар үшін «2024 жыл – шығынды азайту және тиімділік жылы» екендігі баса айтылды. Сатып алу мен логистиканы оңтайландыру, энергия ресурстарын үнемдеу және цифрландыру арқылы шығынды қаншалықты азайтуға болатыны көрсетілді.
Биылғы жылы ірі өнеркәсіп салаларында қосылған құнды 45 пайызға арттыру, өзіндік құнын 15 пайызға арзандату, жалпы өнеркәсіптің 7 пайыздық өсімін қамтамасыз ету міндеттері қойылды.
Сонымен қатар экономикалық кешендегі жетекшілердің қызметін айлық, тоқсандық және жылдық нәтиже көрсеткіштерімен (KPI) байланыстыру, орынбасарлар санын қарастыру туралы ұсыныс ортаға салынды.
Жиында қаржылық тәртіп мәселесіне баса назар аударылды.
Өткен жылы кейбір мемлекеттік кәсіпорындардың дивидендтер мен салық төлемдері бойынша бюджетке 8 триллион сум түспеген. Сырдария мен Жызақ облыстарында салық түсімдері 20 пайызға өссе, Хорезм, Бұхара, Қашқадарияда бұл көрсеткіш тіпті 7 пайызға да жеткен жоқ.
Мұндай жағдайлар облыстық салық департаменті басшылары мен орынбасарларының, жергілікті салықшылар жұмысының баяулығын көрсетеді. Сондықтан бұл жүйе қайта қаралып, жаңа бағыттар айқындалды.
Бірінші бағыт – 40 мың бюджеттік ұйыммен жұмыс жасау міндеті аудандардан Салық комитетінде жаңадан құрылатын ауданаралық бюджеттік ұйымдар инспекциясына беріледі. Бұл инспекция толығымен цифрландырылып, қазынашылықтың электронды жүйесіне біріктіріледі.
Екінші бағыт – Комитет салық берешегін өндіру бойынша ауданаралық тексеру ұйымдастырады. Оған Атқару бюросы сияқты өкілеттіктер беріледі. Осының арқасында қосымша 200 аудандық салық жинаушыны жергілікті жұмысқа ауыстыруға мүмкіндік туады.
Үшінші бағыт 80 ірі кәсіпорын және 35 коммерциялық банкпен жұмыс істейтін, республиканың салық түсімдерінің 50 пайызын қамтамасыз ететін жеке жүйе болмақ. Осы мақсатта Экономика және Қаржы министрлігімен тікелей жұмыс істейтін Ірі салық төлеушілер инспекциясының құрамында жаңа құрылым құрылды.
Экономика және қаржы министрлігіне салық түсімдерін уақтылы қамтамасыз ету және кәсіпорындар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу міндеттері жүктелді.
Кеден саласына байланысты, өткен жылы импорттық тауарларға 60 триллион сумға жуық жеңілдіктер қолданылғанымен, олардың тиімділігіне жеткілікті талдау жасалмағаны атап өтілді. Сондықтан, жеңілдікпен кіретін тауарларды бір-бірден тексеру тапсырылды.
Бюджет кірісінің тағы бір үлкен резерві жерді жекешелендіру және аукцион арқылы сату болып табылады. Алайда, жекешелендіру бағдарламасына енгізілген 484 мемлекеттік мүлік сатылымға шығарылмаған.
Мәселен, сатылымға шығарылған ондаған астық кәсіпорындары сатылмай тұр. Өйткені олардың бағалауында кемшіліктер бар.
Министрлер Кабинетіне биылғы жылы 20 триллион сум кіріс әкелетін жекешелендірудің жаңа бағдарламасын дайындау, осыған байланысты берешектерді жою тапсырылды.
Өткен жылы жер аукционынан 1 триллион сум түсті, 12 мың жаңа жоба қосылды. Осындай мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында жыл соңына дейін 70 ауданның, келесі жылы барлық ауданның бас жоспарын әзірлеу міндеті қойылды.
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – жасырын экономика. Талдау көрсеткендей, қызмет көрсету, құрылыс, өнеркәсіп салаларындағы тауар айналымының үлкен көлемі «көлеңкеде» қалып отыр.
Мемлекет басшысы жасырын экономиканың адал бәсекелестік пен адал кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретінін айтып, қосымша шараларды да көрсетті.
Қазіргі уақытта астыртын экономика мен экономикалық қылмыспен күресумен 14 кеңсе айналысады. Аталған істерді үйлестіру және күшейту мақсатында Бас прокуратура жанындағы Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілеттігі кеңейтілетін болады. Бұл бөлім ең заманауи құралдар және білікті мамандармен қамтамасыз етіліп, оның жанынан ғылыми-талдау және оқу орталығы ашылады. Бұл ретте, Бас прокуратурада астыртын экономика бойынша жеке департамент және оның өңірлік департаменттері құрылады.
Жиында бюджет шығыстарының тиімділігі мәселесі де сөз болды.
Өткен жылы 1,2 триллион сумның заңсыз жұмсалуы мен 200 миллиард сумның тапшылығы мен ұрлығы анықталды. Денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламаларға бөлінген қаражат толық игерілмеді. Сондай-ақ, нақты жұмыс істемейтін қызметкерге жұмыс ақы жазу, негізсіз несие немесе сыйлықақы алу сияқты жағдайлар көбейген.
Осыған байланысты Экономика және Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік қаржылық бақылау инспекциясының қызметі қанағаттанарлықсыз екені көрсетілді. Сондықтан бұл инспекция Бас прокуратура жанындағы Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментіне беріледі деп шешілді.
Биылғы жылы бюджетте қарастырылған 313 триллион сомның дұрыс жұмсалуын бақылау міндеті қойылды.
Инфляцияны төмендету мәселесі де өзекті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы инфляция 9 пайыздан аспады.
Азық-түлікті ұлғайту арқылы өнім инфляциясын ауыздықтауға болатыны айтылып, бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрі мен әкімдерге тапсырмалар берілді.
Жалпы, инфляцияны биылғы 9 пайыздан төмендету шаралары талқыланды.
Сондай-ақ банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және несиелерді экономикаға бағыттау мәселелері қозғалды. Нарықтық механизмдер негізінде несие мөлшерлемесін кем дегенде 2-3 пайызға төмендету бағдарламасын әзірлеу міндеті қойылды.
Жиында халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылды. Осы орайда жақында қабылданған бағдарламаны тиімді жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
Жұмыспен қамту жүйесіне кіретін кәсіптік оқу орындары мен шетелдік еңбек көші-қонындағы жұмыс орындары сұраныс деңгейінде емес екені айтылды. Кедейшілікті азайту және жұмыспен қамту министрлігіне осындай кемшіліктерді жою және халықты кәсіптік оқыту, жұмыс орындарын ашу бойынша қосымша тапсырмалар берілді.
Жиын соңында экономикалық кешен басшылары, министрлер мен әкімдер биылғы жылға арналған жоспарлары туралы ақпарат берді.