Бұрын Науаи өнеркәсібі дегенде негізінен Науаи тау-кен металлургия комбинаты, «Науаиуран», «Науаиазот», «Қызылқұмцемент» сынды ірі салалық кәсіпорындар көзге түсетін. Инвестиция көлемі де, жұмыс орындары да, экономикалық өсім де дәл осы кәсіпорындардың қызметіне тікелей тәуелді еді.
Өңірлерді кешенді дамыту, экономиканы әртараптандыру және жаңа өсім нүктелерін айқындау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы ірі салалық кәсіпорындарға тәуелсіз аумақтық инвестициялар көлемі 1,4 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, өткен жылы облыста макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 168 триллион сумды құрап, 7,7 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 8,3 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,7 пайызға, ал қызмет көрсету саласы 13,7 пайызға артты. 161 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір аудан мен қаланы олардың салыстырмалы артықшылықтарын ескере отырып дамыту қажет.
Атап айтқанда, «Нұрата» мен «Ғазған» ауданында әшекейлі сәндік тастар мен туризмді, «Тамды» мен «Үшқұдықта» тау-кен өнеркәсібін, «Навахарда» тоқыма өндірісі мен бау-бақша шаруашылығын, «Канимехте» жайылымдық мал шаруашылығын, «Зарафшанда» зергерлік бұйымдар өндірісі мен ақпараттық технологияларды, «Карманада» химия өнеркәсібі мен мәдени туризмді, ал Науаи қаласында машина жасау және сервистік салаларды дамыту үшін зор әлеует бар екені айтылды.
Сонымен бірге, өнеркәсіп дамуының өңірлер бойынша теңгерімсіз екені атап өтілді. Облыс бойынша жан басына шаққандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 177 миллион сумды құрағанымен, «Тамды», «Нұрата», «Хатирчи», «Навахар» және «Қызылтөбе» аудандарында бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден төмен болып отыр. Ал шын мәнінде, «Тамды» мен «Нұрата» аудандары мәрмәр, кварц және базальт сияқты табиғи ресурстарға бай.
Осыған байланысты «Нұрата» ауданында 50 гектар аумақта гранит өнеркәсіп паркін, қайта өңдеу кластерін және сәндік тастар нарығын құру, «Хатирчи» ауданында 50 гектар жерге шағын өнеркәсіп аймағын іске қосып, құны 100 миллион доллар болатын жоғары қосылған құнды жобаларды орналастыру жөніндегі ұсыныстар мақұлданды. Сәндік тастар өндірісін бірнеше есеге арттыру міндеті жүктелді.
Аталған өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Науаи цифрлық технологиялар техникумында тау-кен және химия өнеркәсібіне арналған мамандар даярлау орталығы ұйымдастырылады.
Жалпы, биыл облысқа 4,2 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту және экспорт көлемін 1,5 миллиард долларға жеткізу маңызды екені атап өтілді.
Жиын басрысында облыстағы шағын және орта кәсіпорындарды қолдау, оларды жергіліктендіру үдерісіне кеңінен тарту қажеттігі баса айтылды.
Ауыл шаруашылығы саласында да қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай тұрғаны сөз болды. Себебі облыстағы 9 миллион гектар жайылым қой, түйе және жылқы шаруашылығын экономиканың қозғаушы күшіне айналдыруға жеткілікті. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2026 жылы шетелден ұсақ мал, асыл тұқымды түйе мен жылқы әкелу жоспарланған.
Жалпы облыстағы 3,3 миллион гектар жайылым жобалық тәсіл негізінде ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі. Қытайдың шөлейттенуге қарсы күрес тәжірибесі негізінде Науаи өңірінде шөлейттенуді болдырмауға бағытталған жобалар орындалады.
Облыс білім беру саласы бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Жоғары біліммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өткен жылы 10 мектептің түлектері жоғары оқу орындарына түсу бойынша 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізді.
Жаңа оқу жылынан бастап Науаи және Зарафшан қалаларында «Бір мектеп – бір IT сыныбы» қағидаты бойынша мамандандырылған сыныптар ашу ұсынылды. Осыған орай облыстан 100 мұғалім IT және жасанды интеллект бағыттары бойынша Ташкент қаласында және шетелде біліктілігін арттырады. Сонымен қатар Ташкент ақпараттық технологиялар университетінің Зарафшан филиалында жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бағыттары бойынша күндізгі оқу бағдарламасы жолға қойылады.
Кеңесте туризм саласы да жан-жақты талқыланды. 2026 жылы Науаи облысына 600 мың шетелдік және 3 миллион жергілікті турист тарту, 72 жаңа орналастыру нысанын іске қосу және 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ол үшін аудан және қала орталықтарындағы 65 махалланы байланыстыратын көшелерде, жағалау мен жол бойындағы аумақтарда сауда, ойын-сауық және демалыс орталықтары салынады. Сондай-ақ туристік әлеуеті жоғары 18 махаллада қонақ үйлер ашылады. Халықаралық жолдар бойында орналасқан 15 махаллада сауда және қызмет көрсету нысандары іске қосылады.
«Нұрата» ауданында «Өрнектер мен нұрлар» ұлттық кесте тігу орталығын ашу, «Хатирчи» ауданындағы Лангар және Ангидан махаллаларын туризмге мамандандырып дамыту, «Нұрата» мен «Канимех» аудандарындағы 4 ауылды туристік ауылға айналдыру жоспарланған.
«Ауыр» санаттағы аудан ретінде қаралған«Навбахар» ауданындағы «Сармишсай» аумағы маңында демалыс және ойын-сауық аймағын құру жөнінде мастер-жоспар әзірлеп, туристер ағынын 3 есеге арттыру және 200-ден астам жұмыс орнын ашу мүмкіндігі бар екені атап өтілді.
Науаи қаласындағы Әлішер Науаи саябағы, «Жастық» көлі және олардың айналасындағы аумақтардың қазіргі заман талаптарына толық сай келмейтіні айтылып, оларды кешенді түрде дамыту арқылы халық үшін қолайлы әрі заманауи демалыс жағдайларын жасау қажеттігі атап өтілді.
Кармана қаласында туризмді дамытуға зор әлеует бар. Самарқандтан Бұхараға бет алған туристерді кезінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл қалада тағы бір күнге аялдату мүмкіндігі бар. Осыған байланысты Қасым шейх ханакасы мен Мирсаид Бахрам зиярат орны, Ескі қала базары және «Жаңа ұрпақ» саябағы негізінде «Көне Кармана» мәдениет және туризм орталығын құру ұсынысы қолдау тапты.
Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесін зерделей отырып, Науаи өңірінің едәуір бөлігін алып жатқан шөл мен жайылымдарда туризмді дамыту қажеттігі атап өтілді.
Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Атап айтқанда, Науаи, Зарафшан, Үшқұдық және Зафарабад қалаларында тозығы жеткен 312 шақырым ауызсу және 124 шақырым кәріз құбырларын 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен жаңасына ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ облыстағы барлық мектептерде, балабақшалар мен медициналық мекемелерде заманауи санитарлық жағдай жасау міндеті жүктелді.
Кеңес соңында Мемлекет басшысы ұсынылған жоспарлар мен бастамаларды мақұлдап, олардың орындалуы халық өміріне нақты өзгерістер әкелуі тиіс екенін атап өтті және жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.