Таныстырылымда биыл салаға бағытталған қаржылық ресурстар және олардың нәтижелері туралы ақпарат берілді.

Онда, мақта мен астық шаруашылығын қаржыландыруға, ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге және су үнемдейтін технологияларды енгізуге жалпы 29 триллион сум бөлінді. Салаға 2,35 триллион сум субсидия бағытталды.

Өз қаражаты есебінен мақта өсірген шаруашылықтарға мақта құнының 10 пайызы мөлшерінде субсидия берудің нәтижесінде 3430 фермер мен кластер 151 мың гектар алқапта өз қаражаты арқылы мақта егіп, 1,9 триллион сум көлемінде ресурс үнемделді.

Сондай-ақ, мақта өсіруге алынған несиені жыл соңына дейін толық қайтарған фермерлерге пайыздық төлемнің 4 пайыздық пунктін қайта беру мүмкіндігі есебінен 9002 фермер 2,5 триллион сум көлеміндегі жеңілдетілген несиелерді мерзімінен бұрын қайтарды.

Келесі жылы мақта мен астық өніміне, субсидия мен басқа да шығындарға жалпы 34,2 триллион сум бөлу жоспарланғаны, қосымша 200 миллион доллар тартып, 800 дана мақта теру машинасын сатып алу көзделгені айтылды. Таныстырылымды осы бағытта ұсынылып жатқан жаңа қолдау тетіктері қаралды.

Атап айтқанда, 2026 жылы агротехникалық іс-шараларға, соның ішінде пленка мен иілгіш құбырларға қосымша 5 триллион сум бөлу ұсынылды. Өнім өсіруде несие лимитінің 50 пайызына дейін пайдаланған жағдайда сатылған мақта құнының 5 пайызы мөлшерінде субсидия берілсе, өз қаражаты мен ішінара несие есебінен өнім өндіретін фермерлер саны 4–4,5 мыңға жетіп, олардың 2,5–3 триллион сум қаражаты үнемделетіні атап өтілді.

Қазір фермерлерге несие беру кезінде қаржылық тұрақты шаруашылықтар мен төлем тәртібін сақтамайтындарға бірдей пайыздық мөлшерлеме қолданылып отыр. Осыған байланысты фермерлер арасында «тәртіпті болу — арзан несие» моделін қалыптастыру үшін «А» кредиттік рейтингіндегі шаруашылықтарға пайыз мөлшерлемесін 2 пунктке, «B» санатындағы шаруашылықтарға 1 пунктке төмендетілген мөлшерлемемен несие беру, осылайша тәртіпті фермерлердің несие жүктемесін азайту ұсынылды.

Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен бидай өсірген фермерлерге 10 пайыз субсидия беру бастамасы көтерілді.

Өзбекстан Президентінің 22 қарашадағы «Аграрлық саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түбегейлі жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес, аграрлық салада мемлекеттік қолдау тетіктерін жақсарту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Аграрлық салада төлемдер агенттігі құрылды.

Таныстырлым барысында агенттікке жүктелген міндеттердің орындалу тәртібі талқыланды.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында 52 түрлі субсидия беріліп отыр. Жаңа жүйеде бұл процесс түбегейлі жеңілдетіліп, адами фактор айтарлықтай қысқарып, бюрократия азаяды, өтінімдерді қарау толық цифрландырылып, барлық үдерістер «Агропортал» арқылы орындалады.

Осы мақсатта «Агросубсидия» ақпараттық жүйесіне 10-нан астам министрлік пен ведомствоның ақпараттық жүйелері интеграцияланады.

Атап айтқанда, 2026 жылға жоспарланған 1,3 триллион сум көлеміндегі субсидиялар талапкердің қатысуы қажет етілмейтіндей тәртіпте мемлекеттік органдар тарапынан проактивті түрде, ал қалған субсидиялар кейбір келісу, қорытынды алу және құжат ресімдеу сатыларын алып тастаған жеңілдетілген тәртіпте берілетін болады. Нәтижесінде субсидия бөлу мерзімі едәуір қысқарады.

Мемлекет басшысы қаржыландыру тетіктерін одан әрі жетілдіру, субсидияның нысаналы әрі жедел болуын қамтамасыз ету, барлық процестерді цифрландыру және фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.