Іс-шараға АҚШ-тың сауда министрі Ховард Латник, Президенттің арнайы көмекшісі Рикки Гилл, Президенттің арнайы өкілі Паоло Замполли, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Стивен Ваден, сондай-ақ Америка – Өзбекстан сауда палатасының басшылары мен «Traxys», «FLSmidth», «BCG», «Meta», «Google», «Amazon», «Boeing», «Air Products», «Axiom Space», «Cove Capital», «Freeport-McMoRan», «Orion CMC», «Cargill Cotton», «John Deere», «Honeywell», «Valmont Industries», «Flowserve Corporation» сияқты ірі корпорациялар мен компаниялардың жоғары деңгейлі менеджерлері қатысты.
Кездесу басында Өзбекстан басшысы кейінгі сегіз жыл ішінде АҚШ-пен өзара тауар айналымы төрт есеге артқанын және елде АҚШ-тың 300-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Өзбекстан Президенті қазіргі ынтымақтастық деңгейі жаңа, ауқымды мүмкіндіктерге жол ашатын кезеңнің басталуы екенін атап өтті. АҚШ Президенті Дональд Трамппен өтетін алдағы кездесуде экономикалық серіктестіктің нақты бағыттары мен жаңа бірлескен бастамалар талқыланатынын айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің басым бағыттарын айқындап берді.
2030 жылға қарай Өзбекстанда қуаттылығы 18–20 гигаватт болатын жаңартылатын энергия жүйесі құрылады. Электр энергиясының жартысынан көбі күн және жел энергиясы есебінен өндірілетін болады.
Осы бағытта Өзбекстан мен АҚШ уран, мыс, вольфрам, молибден және графит өндіру мен терең өңдеу салаларын дамытады. Сенімді жеткізу тізбегін қалыптастыру және АҚШ-тың озық қайта өңдеу технологияларын енгізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, автомобиль және теміржол желілері, терминалдар мен әуежайларды жаңғыртуды көздейтін ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. 2030 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамытуға 12 миллиард доллардан астам қаражат бағыттау жоспарланған.
АҚШ-тың «Google», «Meta», «NVIDIA» компанияларымен цифрлық серіктестік кеңеюде. Apple Pay және Google Pay төлем жүйелерін енгізу, цифрлық академиялар мен стартап-хабтар желісін құру осының айқын дәлелі.
Мұндай жобаларды ілгерілету және қаржылай қолдау үшін DFC корпорациясы мен АҚШ Эксимбанкі тартылатыны айтылды.
Кездесу соңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев АҚШ компанияларының инвестициялық бастамаларын жеке өзі қолдауға дайын екенін білдіріп, Өзбекстанның шетелдік инвесторлар үшін сенімді әріптес әрі табыстың кепілі болып қала беретінін атап өтті.









