Кездесу барысында аталмыш жетекші шетелдік қаржы институтымен практикалық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен бастамаларды ілгерілету мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы JICA басшысының кезекті сапары экономикалық және қаржылық-техникалық салалардағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауына ерекше назар аударды. Агенттіктің Жаңа Өзбекстанды құрудағы реформаларды қолдау тұрғысындағы стратегиялық рөлі атап өтілді.
Қазіргі таңда энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда бірлескен жобалар портфелі 8 миллиард доллардан астам соманы құрайды. Өткен жылы ынтымақтастық бойынша үш жылдық бағдарлама қабылданған еді.
Өзбекстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы мен Жастар инновация орталығы тиімді қызмет атқаруда.
Агенттік арқылы 2,5 мыңнан астам өзбекстандық маман Жапонияда оқып, тәжірибеден өтті. Сонымен қатар, бұл елден келген еріктілер Өзбекстанда маңызды әлеуметтік және гуманитарлық жобаларды іске асыруға өз үлестерін қосып отыр.
Одан бөлек, жақында Ташкент қаласында Республика мамандандырылған неврология және инсульт ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығын салу және жабдықтау жөнінде келісімге қол қойылды.
Өзбекстан Президенті JICA-ның елдегі қызметін кеңейту жөніндегі жоспарын қолдады.
Жеке сектор жобаларын жүзеге асыру, жапондық инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ құру, Жапония университетін ашу және кәсіптік білім беру саласында ынтымақтастықты нығайту маңыздылығы атап өтілді.
«Жол картасы» негізінде қазіргі және болашақ жобаларды ілгерілету үшін жаңа механизмдерді енгізуге қол жеткізілді.