Өзбекстан Президенті Сингапурдың іскер топтарымен кездесу өткізді

    Билік 17 Yanvar 2023 8269

    Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев Сингапурға мемлекеттік сапары аясында 17 қаңтар күнінің екінші жартысында әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебіне барды.

    Сингапурдың тұңғыш Премьер-Министрі және осы елдің «экономикалық кереметінің» авторы Ли Куан Ю есімімен аталған оқу орны мемлекеттік саясат және халықаралық қатынастар саласындағы магистрлік бағдарламалар негізінде кадрлар даярлауға, сондай-ақ ғылыми және саяси зерттеулер жүргізуге маманданған.

    Мектеп көп жылдар бойы жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингінде көш бастап келеді. Мұнда шет мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғаларын оқытудың қысқа мерзімді бағдарламалары да ұйымдастырылған.

    Сингапурдың қол жеткізген экономикалық және әлеуметтік жетістіктері ойластырылған кадрлық саясаттың, білікті, жауапты, адал басшыларды даярлауға басымдық берудің арқасында екені белгілі. Мемлекет басшысы да еңбек жолын бастағаннан бері осы мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілерді оқыту саласындағы Сингапур тәжірибесін зерделеп, қолданудың маңызы зор.

    Мемлекет басшысы мектеп қызметімен жан-жақты танысып, оқу орнының басшылығымен екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

    Өзбекстан Президентінің қатысуымен Өзбекстанның Мемлекеттік басқару академиясы және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

    Содан кейін Мемлекет басшысы Сингапурдың жетекші компаниялары мен ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

    Атаулы шараға Сингапурдың Еңбек министрі – Сауда және өнеркәсіптің екінші министрі Ленг Си Танг, Сингапур бизнес федерациясының төрағасы Мин Ян Лим, осы елдің Indorama, Meinhardt group, CPG Corporation, Changi Airports, Сингапур менеджментін дамыту институты, TMC Academy, Virtus Health сынды 15 ірі компаниясы жетекшілері қатысты.

    Президент Шавкат Мирзияев кездесуге қатысушыларды құттықтап, оның 2023 жылғы алғашқы сапарының Сингапурға жасағаны Өзбекстанның осы елмен берік және өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ерекше көңіл бөлуінің белгісі екеніне назар аударды.

    Өзбекстандағы жүйелі реформалардың арқасында инвестиция көлемі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызынан астамына жетті. Тек 2022 жылдың өзінде Өзбекстан экономикасына 8 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

    Осы сапар алдында ғана өткен Өзбекстан-Сингапур бизнес-форумының қорытындысы айтылып: оның аясында жалпы құны 5 миллиард долларға жуық жаңа инвестициялық, сауда және қаржылық келісімдерге қол қойылды.

    – Бұл ынтымақтастығымыздың анағұрлым белсенді әрі табысты бола түскенін, Өзбекстан-Сингапур қарым-қатынасының практикалық және сапалы мазмұнмен байығанын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

    Бірақ серіктестіктің әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Президент Шавкат Мирзияев атап өткендей, біздің елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қабілетті.

    – Сингапурлық компаниялардың озық тәжірибесі біздің қызығушылығымызды арттыруда. Егер сингапурлық серіктестердің инновациялары мен технологиялары Өзбекстанның ресурстары мен кадрлық әлеуетімен үйлесетін болса, алдағы бірлескен жобалар тұрақты дамитынына сенімдімін, деді мемлекет басшысы.

    Өзбекстан басшысы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттарын атап өтті. Олардың қатарында сингапурлық компаниялардың Өзбекстандағы жекешелендіру процестеріне қатысуы, қала және көлік инфрақұрылымын дамыту, химия және тоқыма өнеркәсібі, «жасыл» экономика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру солар қатарында.

    Өзбекстанның сингапурлық кәсіпкерлерді қажетті өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, ынталандыру және кепілдендірілген сатып алу түрінде кең көлемде қолдау көрсетуге және басқа да көмек көрсету шараларын ұсынуға дайын екендігі айтылды.

    Еліміздегі реформалар шетелдік әріптестер арасында Өзбекстанның сенімді және тұрақты серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталғанын атап өткен Президент Шавкат Мирзияев сингапурлық бизнесмендерді өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін пайдаланып, экономикамызға белсенді инвестиция салуға шақырды.

    Әріптестікті кеңейту жөнінде жан-жақты талқыланды. Сингапур бизнесінің өкілдері өз сөзінде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформаларды жоғары бағалап, елімізде жүзеге асырылуы жоспарланған нақты жобалармен таныстырылды.

    Бизнесмендер делегациясының әрбір мүшесімен сөйлескен Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді жасалған қолайлы инвестициялық ортамен танысу үшін Өзбекстанға шақырды.

    Кездесу соңында Өзбекстан тарапының ресми өкілдеріне іс-шарада айтылған барлық жобаларды, оларды жүзеге асырудың кезең-кезеңімен тетіктерін, нақты мерзімдері мен орындаушыларын қамтитын практикалық шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту тапсырылды.

    Осымен Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің Сингапурға мемлекеттік сапары аяқталды.

    Жоғары мәртебелі мейманды «Чанги» халықаралық әуежайында Сингапур ресми тұлғалары шығарып салды. Мемлекет басшысы Ташкентке қарай жол алды.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates