Өзбекстан Президенті Ашхабад қаласындағы халықаралық форумға қатысты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 11 қазан күні Ашхабад қаласында түркімен ақыны және ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы — бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысты.

    Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов төрағалығымен өткен іс-шараға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Иран Ислам Республикасының Президенті Масьуд Пезешкиян, Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардари, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян, шетел парламенттерінің басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалар, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдардың басшылары қатысты.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл форум халықтар арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайтуға, елдерді жақындастыруға және бай рухани мұрамызды әлемге насихаттауға үлкен қадам екенін атап өтті.

    Мақтымқұлы Пырағының шығармашылық мұрасы тек Шығыс классикалық поэзиясын ғана емес, бүкіл әлем әдебиетін де байытқаны айтылды.

    Өзбекстанда Мақтымқұлының шығармашылығы жоғары бағаланады. Ақын Хиуа қаласындағы Шерғазыхан медресесінде білім алып, дүниеауи және діни ғылымдарды меңгерген. Ол ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаиға терең құрметпен қараған.

    Биыл Өзбекстанда Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатқаны айтылды. Бұл мерейтой аясында конференция, семинар, әдеби кештер, байқаулар, спектакльдер және басқа да шаралар ұйымдастырылып жатыр. Өзбек және түркімен кинематографистері ақын туралы бірлескен көркем фильм түсірді.

    Өзбекстан басшысы Түркіменстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған «Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы» аясында келесі жылы Ашхабадта жаһандық саммит өткізу идеясын қолдады.

    Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Өзбекстан Президентіне мазмұнды сөзі мен Мақтымқұлы Пырағының есімін ұлықтау шаралары үшін алғыс білдіріп, Мемлекет басшысына ақынның 300 жылдығына орай медаль табыстайтынын мәлімдеді.

    Форумның соңында қорытынды құжат қабылданды.