Саммит Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның төрағалығымен өтті. Жиынға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, ұйым аясындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы, сондай-ақ практикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Өз сөзінің басында Өзбекстан басшысы қазіргі әлемде геосаяси және геоэкономикалық қайшылықтар, өңірлік қақтығыстар мен климат өзгерістерінің салдары күшейіп жатқанын айтып, бұл күрделі ахуалдың жедел өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы халықаралық өзекті мәселелерді шешуде ең бірінші, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына негізделген ортақ ұстанымдарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі практикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін сөз еткен Өзбекстан басшысы бұл салада іске қосылмаған зор әлеует бар екенін айтып, бірқатар жаңа ұсыныс жасады.
Саяси бағытта Өзбекстан бастамасымен Түркі мемлекеттері арасында стратегиялық әріптестік, мәңгілік достық және бауырластық туралы шарт қабылдаудың өзектілігі ерекше атап өтілді. Мұндай келісім халықтарымызды жақындастырып, көпжақты ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді құқықтық негізін күшейтуге қызмет ететініне сенім білдірілді.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-коммуникациялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ұйымға мүше елдердің өзара сауда үлесін арттыру үшін «TurkTrade» онлайн платформасын құру және тауар айналымын ұлғайтуға арналған практикалық бағдарлама қабылдау ұсынылды.
Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыру және кеден-бақылау рәсімдерін жеңілдету мақсатында бұл бағыт бойынша Мемлекет басшысы «бірыңғай терезе» және «жасыл дәліздер» жүйесін қысқа мерзімде енгізуге шақырды. Осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында биыл қараша айында Ташкент қаласында Түркі мемлекеттерінің мультимодалдық көлік және логистика жөніндегі халықаралық форумын өткізу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Түркі инвестициялық қорының құрылғанын құптап, инновациялық жобаларды қолдау үшін Бірлескен венчурлік компания мен ұйымға мүше елдердің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыратын бірыңғай портал құру маңызды екенін атап өтті.
Өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында химия, энергетика, тау-кен, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, былғары-аяқ киім, азық-түлік және құрылыс салаларында ірі өндіріс қуаттарын құру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу ұсынылды.
Мемлекет басшысы климат күн тәртібіне тоқтала отырып, жақында Самарқанд қаласында өткен Халықаралық климат форумында «жасыл» даму саласында жаһандық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту жөнінде бірқатар маңызды бастамалар көтерілгенін атап өтті. Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның Будапешт қаласында Құрғақшылықтың алдын алу институтын іске қосу бастамасы қолдау тапты. Оның қызметіне жәрдемдесу және мақсатты жобаларға кеңінен тарту үшін құрғақшылық пен экологиялық мәселелердің алдын алу жөнінде бірлескен «жол картасын» әзірлеу ұсынылды.
Өзбекстан Президенті ғылым, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері халықаралық университетінің ашылуы ұйымға мүше елдердің білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және дарынды жастарды даярлауға лайықты үлес қосатыны атап өтілді.
Өзбекстан басшысы Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ қызметі мен құрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Түркі мәдениеті қоры кеңесінің келесі отырысын Өзбекстанда өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Сөзінің соңында Өзбекстан Президенті түрік елінің көрнекті ғалымы, биохимик, Нобель сыйлығының лауреаты Азиз Санжарды Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты болғанымен құттықтады.
Саммит қорытындысында Будапешт декларациясы, сондай-ақ ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша өзге де бірқатар құжаттар қабылданды.