Өзбекстан Президенті Таяу Шығыстағы қақтығыстың тез арада шешім табуы маңызды екенін айтты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 11 қараша күні кезектен тыс Араб-ислам саммитінде сөз сөйледі.

    Сауд Арабиясының төрағалығымен өткен шараға Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азия, сондай-ақ Африка құрлығының бірқатар жетекші мемлекеттерінің басшылары мен үкімет өкілдері қатысты.

    Күн тәртібінде халықаралық қауымдастықтың Газа мен Ливандағы шиеленісті бәсеңдету, жағдайды саяси жолмен жедел шешу үшін күш-жігерді біріктіру мәселелері қаралды.

    Мемлекет басшысы жаһандық саясат күн тәртібіндегі ең өткір де өзекті мәселе – Палестина мәселесіне арналған саммитті ұйымдастырғаны үшін Қасиетті екі мешіттің қызметшісі Сауд Арабиясының Корольі Салман бин Абдулазиз Әл-Саудқа және мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман Әл-Саудқа алғыс білдірді.

    2023 жылы Эр-Рияд қаласында өткен кездесуден кейінгі уақыт аралығында қақтығыс көлемінің кеңейіп, Ливан аймағын да қамтығаны өкінішпен атап өтілді.

    Мемлекет басшысы Палестина-Израиль мәселесін бейбіт және дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған барлық іс жүзіндегі бастамаларды толық қолдайтынын білдірді.

    Саммитте жаһандық және аймақтық деңгейде тиімді механизмдер мен нақты шешімдер әзірленіп, оларды өмірге енгізу қажеттігіне сенім білдірілді.

    Әскери қимылдарды дереу тоқтатып, қауіпсіз гуманитарлық дәліздерді қамтамасыз ету және бейбіт келіссөздерді бастау мәселелері Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты назарында болуы керек екендігі атап өтілді.

    Ежелгі және бай тарихқа ие палестин халқы 1967 жылғы шекаралар аясында, астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз және еркін мемлекетін құруға толық құқылы екені баса айтылды.

    Осы орайда Сауд Арабиясының бастамасымен құрылған Екі мемлекет шешімі жөніндегі жаһандық альянстың қызметі қолдау тапты.

    Сонымен қатар, Палестина мен Ливан аймағындағы гуманитарлық дағдарыстың алдын алу мақсатында жетекші мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ-ның Арнайы агенттігі аясында гуманитарлық көмек ауқымын кеңейту ұсынылды.

    Мемлекет басшысы Өзбекстанның палестиналық зардап шеккен балалар мен әйелдерді емханаларда тегін емдеуге дайын екенін мәлімдеді.

    Палестин халқына іс жүзіндегі көмек көрсету мәселелері келесі жылы Самарқандта өтетін «Парсы шығанағы араб елдері – Орталық Азия» саммитінде де талқыланатыны айтылды.

    Өзбекстан басшысы қасиетті Әл-Ақса мешіті мен Иерусалимдегі өзге де бірегей тарихи-мәдени ескерткіштердің тұтастығын қамтамасыз ету және оларды сақтап қалу мәселелеріне ерекше назар аударды.

    Сөзінің соңында Мемлекет басшысы бұл кездесу Таяу Шығыс мәселесін шешудегі маңызды қадам боларына үміт білдірді.

    Талқылаулардан кейін тараптар қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен шешу бағытында белсенді ізденіске дайындықтарын растайтын бірлескен резолюция қабылдады.