Өзбекстан мен БАӘ Президенттері көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады

    Билік 11 Mart 2023 4436

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 11 наурыз күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті.

    Мемлекет басшысы БАӘ Президентін туған күнімен шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық, бақыт, мемлекеттік қызметінде зор табыс, ал осы елдің достас халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

    Сұхбат барысында көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары, бірінші кезекте сауда, инвестиция, инновациялық және жоғары технологиялар, «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және көлік секторлары талқыланды.

    Өзбекстан-БАӘ қарым-қатынастары кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Өткен жылы өзара сауда көлемі екі есеге артты. Өзбекстанда 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, жоба портфелі 3 миллиард доллардан асты.

    Екі ел де мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия секторлары салаларында ынтымақтастықтың жаңа жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ қаржылық-техникалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық алмасу бағдарламаларын кеңейтуге мүдделі екені атап өтілді.

    Өзбекстан мен БАӘ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі әдеттегідей ашық, шынайы және достық рухта өтті.