Кеше Ташкентте өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшылары мәдени-гуманитарлық, оның ішінде спорт және туризм салаларындағы белсенді алмасуды жалғастыруға келісті. Жоғары деңгейдегі кездесулер соңында басқа да құжаттармен қатар спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына және 2024-2025 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық шараларының жоспарына қол қойылды.

Кейінгі жылдары Өзбекстанда спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылды. Ташкент облысының Бостандық ауданындағы «Амирсой» тау курорты – соның бірі. Соңғы үш жылда мұнда 4 миллионға жуық турист келген.

Дүниежүзілік деңгейдегі осынау маусымдық кешенді аралау барысында Мемлекет басшылары спортшылар мен туристер үшін жасалған жағдаймен танысып, екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейту жөнінде пікір алмасты.

Көшбасшылар шынайы сұхбатты тау-шаңғы жолында жалғастырып, бірге шаңғы тепті.